Ким Чен Ын КХДР әскерін соғысқа толық дайын болуға шақырды

АСТАНА. KAZINFORM – Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын армия бөлімшелерін соғысқа толық әзір ету үшін жауынгерлік дайындықты аяқтауға шақырды. Ол әскери даярлықты түбегейлі жетілдіру қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды КХДР Орталық телеграф агенттігі.

Ким Чен Ын КХДР әскерін соғысқа толық дайын болуға шақырды
Фото: Анадолу

Ким Чен Ын бұл туралы Корея Халық армиясы роталары командирлерінің үшінші съезі аясында ұйымдастырылған іс-шарада айтты.

КХДР басшысының сөзінше, рота командирлерінің басты міндеті – өз бөлімшелерінің соғысқа толық дайын болуын қамтамасыз ету үшін жауынгерлік әзірлік жұмыстарын аяқтау. Оның айтуынша, бұған оқу-жаттығулар мен жауынгерлік дайындықты түбегейлі жақсарту арқылы қол жеткізуге болады.

Ким Чен Ын рота командирлері елдің қарулы күштерінің негізін нығайтуды жалғастыратынын айтты. Сондай-ақ олардың арқасында армияның болашағы зор екенін атап өтті.

Екі Корея шекарасындағы шиеленіс күшейді

Соңғы уақытта Солтүстік және Оңтүстік Корея арасындағы жағдай 21 қыркүйекте демилитаризацияланған аймақта болған оқиғадан кейін қайта шиеленісті. Сол күні жаяу әскерге қарсы мина жарылып, Оңтүстік Кореяның үш әскери қызметшісі жарақат алды. Сеул бұл оқиғаға Пхеньянды айыптады.

Солтүстік Корея жарылысқа жауапты екенін жоққа шығарып, өз әскери қызметшілеріне оқ атылған жағдайда «дереу әрі аяусыз» жауап беретінін мәлімдеді.

КХДР басшысының әпкесі, Кореяның Еңбек партиясы жалпы істер департаментінің жетекшісі Ким Ё Чжон 19 қазандағы мәлімдемесінде оңтүстік шекарада «оңтүстіккореялық әскери бұзақылардың» әрекеттеріне байланысты «елеулі» тұрақсыздық қалыптасқанын айтты. Ол сондай-ақ Сеул үкіметін арандатушылық жасады деп айыптады.

Ким Ё Чжонның айтуынша, Пхеньян оңтүстік шекараға орналастырылған тактикалық соққы құралдарының санын арттыру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұған қоса, былтыр тоқтатылған үгіт-насихат хабарларын дауысзорайтқыштар арқылы қайта тарату мәселесі де қарастырылуда.

Өз кезегінде Оңтүстік Корея Біріккен штабтар бастықтары комитетінің басшысы Чин Ён Сон алдыңғы шептегі әскери бөлімшеге барған кезде әскери қызметшілерге Солтүстік Корея тарапынан жаңа арандатушылықтар болған жағдайда батыл тойтарыс беруді тапсырды.

Еске сала кетсек, бұған дейін Солтүстік Корея су астынан ұшырылатын екі жаңа зымыранын сынақтан өткізгенін хабарладық.

Бұдан бөлек, жуырда Солтүстік Корея жасанды интеллектісі бар торпеданы сынақтан сәтті өткізгенін мәлімдеді.