Солтүстік Корея жасанды интеллекті бар торпеданы сәтті сынақтан өткізгенін мәлімдеді
АСТАНА. KAZINFORM — Солтүстік Корея нысандарды анықтап, оларға дәл бағытталу үшін жасанды интеллектіні қолданатын жаңа торпедалық жүйені сәтті сынақтан өткізгенін мәлімдеді. Бұл туралы Kazinform агенттігі Associated Press басылымына сілтеме жасап хабарлады.
Кореяның Орталық телеграф агенттігінің мәліметінше, сынақ 15 қазанда өткен. Жаңа жүйе Zam-2.0 деп аталады. Солтүстік Корея оны нысанаға дәл бағытталатын жоғары жылдамдықты торпеда ретінде сипаттады.
Алайда агенттік қару жүйесінің жұмысында жасанды интеллектінің қалай қолданылатынын нақтыламады.
Хабарламада кейінгі бес жылда өткізілген 180-нен астам сынақтың нәтижесінде әзірленген торпеданың қозғалтқыш жүйелерінің жұмыс қабілеті расталғаны айтылған.
Оңтүстік Кореяның әскери ведомствосы Пхеньянның мәлімдемесіне әзірше түсінік берген жоқ. Бұған дейін Сеул Солтүстік Кореяны әскери технологияларының мүмкіндіктерін асыра көрсетуге бірнеше рет айыптаған.
Кейінгі апталарда Солтүстік Корея қару-жарақ сынақтарын жиілетіп, әскери-теңіз күштерін дамытуға ерекше назар аударып отыр. Атап айтқанда, 14 қазанда Пхеньян үш жылға жуық уақыттан кейін алғаш рет суасты қайығынан ұшырылатын зымырандарды сынақтан өткізді.
Бұдан бөлек, 20 қыркүйек пен 3 қазанда КХДР әртүрлі қашықтыққа арналған гипердыбыстық зымыран жүйелерін сынады. Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның әпкесі Ким Ё Чжон 3 қазанда сыналған зымырандарда да жасанды интеллект технологиялары қолданылғанын мәлімдеді.
Дегенмен кейбір сарапшылар Солтүстік Корея қару-жарағында нысандарды анықтап, өз бетінше таңдайтын озық жүйелер бар екеніне күмән келтіреді. Олардың бағалауынша, КХДР зымырандарды бағыттау бағдарламаларын жетілдіріп жатқан болуы мүмкін, бірақ жасанды интеллектінің мәлімделген мүмкіндіктері әзірге тәуелсіз дереккөздер арқылы расталмаған.
Еске салайық, Солтүстік Корея 2026 жылғы 20 қыркүйекте Жапон теңізі бағытына бірнеше снаряд ұшырғанын хабарлаған еді. Олардың бірін Оңтүстік Корея әскерилері қысқа қашықтыққа ұшатын баллистикалық зымыран деп бағалады