АҚШ соты Трамп енгізген 10 пайыздық баж салығын заңсыз деп таныды

АСТАНА. KAZINFORM – Нью-Йорктегі халықаралық сауда мәселелері жөніндегі федералдық сот АҚШ президенті Дональд Трамп енгізген 10 пайыздық импорттық баж салығын заңсыз деп таныды. Бұл туралы DW хабарлады.

Фото: wionews.com

Сот шешімі импорттық тарифтерге қарсы шағым түсірген екі шағын компанияның пайдасына шығарылған.

Дональд Трамп аталған баж салығын 2025 жылғы сәуірде жарияланған жаһандық тарифтерді Жоғарғы сот жойғаннан кейін енгізген болатын.

Сот шешіміне пікір білдірген Дональд Трамп бұл шешімді «радикалды солшыл екі судья» қабылдағанын айтып, әкімшіліктің басқа жол табатынын мәлімдеді.

АҚШ Әділет министрлігі Bloomberg агенттігінің сауалына жауап бермеген.

Талап-арызды екі шағын компания бергендіктен, қазіргі таңда сот шешімі тек соларға қатысты күшінде. Басқа импорттаушылардың бұл шешімді пайдалана алатыны әзірге белгісіз.

Дональд Трамп баж салығын 1974 жылғы Сауда туралы заңның 122-бабына сүйене отырып енгізген. Бұл бап президентке төлем балансының елеулі тапшылығы жағдайында 150 күнге дейін 15 пайызға дейінгі баж салығын енгізуге мүмкіндік береді.

Алайда талапкерлер АҚШ-тағы сауда тапшылығы мен төлем балансының дағдарысы екі бөлек ұғым екенін алға тартқан. Сот заң нормаларын талдай келе, осы уәжді қолдаған.

We Pay the Tariffs қауымдастығының мәліметінше, АҚШ кеден органдары тек наурыз айында аталған бап бойынша 8 млрд доллар көлемінде баж салығын жинаған.

Талапкерлердің бірі – Basic Fun компаниясы осы баж салығы аясында 100 мың доллардан астам қаржы төлеген.

Компания өкілдері сот шешімін «әділ әрі болжамды сауда саясатына тәуелді шағын бизнес үшін маңызды жеңіс» деп атады.

Бұл Дональд Трамптың тарифтік саясатына қатысты екінші ірі соты сәтсіздік болып отыр. Бұған дейін 20 ақпанда АҚШ Жоғарғы соты президенттің халықаралық төтенше экономикалық өкілеттіктер туралы заң негізінде енгізген тарифтерін де заңсыз деп таныған еді.

Сол шешімнен кейін импорттаушылар шамамен 170 млрд долларды қайтаруға үміткер болды. АҚШ кеден қызметі сәуір айының соңында арнайы өтемақы порталын іске қосып, алғашқы төлемдер осы аптада аударыла бастаған.