ABC News мәліметінше, қаза тапқандар арасында 4 жастағы бала да бар. Нөсер жауын салдарынан өзендер арнасынан асып, бірқатар елді мекенді су басты.
Индианаполисте төтенше жағдайлар қызметі демалыс күндері суда қалған адамдарды құтқару үшін 56 рет операция жүргізген. Жүздеген тұрғын үй мен басқа да ғимарат су астында қалды.
Кейбір аудандарда жауын-шашын мөлшері 11 дюймнен, яғни шамамен 280 миллиметрден асты. Уайт-Ривер өзеніндегі су деңгейі жекелеген учаскелерде бұрын-соңды болмаған көрсеткішке жетті.
Дүлей дауыл мен су тасқыны энергетикалық инфрақұрылымға да әсер етті. Апаттың шарықтау кезеңінде штатта шамамен 130 мың тұтынушы электр энергиясынсыз қалған.
Қазір кейбір аудандарда су деңгейі төмендей бастағанымен, билік тұрғындарды сақ болуға шақырып отыр. Су басқан жолдар мен бүлінген инфрақұрылым әлі де қауіп төндіреді.
АҚШ президенті Дональд Трамп Индианаға федералдық төтенше көмек көрсету туралы декларацияны мақұлдады. Бұл зардап шеккен аудандарға қалпына келтіру жұмыстары үшін федералдық ресурстар тартуға мүмкіндік береді.
Жергілікті билік пен төтенше жағдайлар қызметтері зардап шеккен аудандарда шығын көлемін бағалап, қалпына келтіру жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін «Лала» дауылы Гавайиге жеткенін және соның салдарынан бір адам қаза тауып, ондаған мың үй жарықсыз қалғанын жаздық.