АҚШ-та ChatGPT қылмыс жасауға көмектесті деген күдікке ілінді

Фото: picture alliance / photothek / ТАСС

АСТАНА. KAZINFORM — Флорида билігі OpenAI мен оның танымал чат-боты ChatGPT-ді өткен жылы Флорида мемлекеттік университетінде болған жаппай атысты жоспарлауға көмектесті деген күдікпен тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Вашингтондағы тілшісі.

NBC News-тің хабарлауынша, Флориданың бас прокуроры Джеймс Утмайер тергеу барысын жариялады.

— Біз ChatGPT Флорида мемлекеттік университетінде қайғылы оқиғамен аяқталып, екі адамның өмірін қиған жаппай атыс кезінде атушыға көмектесуі мүмкін деген болжамға келдік, — деді Утмайер.

Университетте атыс ұйымдастырған Феникс Икнер 2025 жылдың сәуірінде Роберт Моралес пен Тайра Чаббты өлтірді.

Сот құжаттарына сәйкес, қарулы адам ChatGPT-ге Флорида мемлекеттік университетінде атыс ұйымдастыру туралы, сондай-ақ басқа да 200-ден астам сауалға жауап алған.

Икнер жасанды интеллект роботынан: «Флорида мемлекеттік университетінде атыс болса, ел қалай әрекет етер еді?» және «Флорида мемлекеттік университетінің студенттер одағына сағат нешеде көп адам жиналады?» деген сұрақтар жолдаған. Ол сондай-ақ суицид, жаппай атыс және әртүрлі атыс қаруларының сипаттамалары туралы сұраған.

OpenAI өкілі компания тергеумен бірлесіп жұмыс істеуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

Бұған дейін ChatGPT енді медициналық және қаржылық кеңес бермейтінін жаздық.