АҚШ-та қызылша жұқтыру дерегі соңғы 33 жылдағы ең жоғары деңгейге жетті
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-та биылғы жылы қызылшаға шалдығу жағдайлары 1 288-ге жетіп, бұл соңғы 33 жыл ішіндегі ең жоғары көрсеткіш болды. Бұл туралы Kazinform тілшісі CBS News-ке сілтеме жасап хабарлады.
Биылғы жыл АҚШ-та қызылша бойынша ең ауыр жыл болды — соңғы рет мұндай жағдай 1992 жылы тіркелген, сол кезде 2 126 жағдай расталған. Елде бұл вирус ресми түрде 2000 жылы жойылған деп жарияланған. Вакцинацияның жоғары деңгейінің арқасында вирустың таралуы тоқтатылған болатын.
– Қызылшаға шалдығу қаупі вакцинация деңгейі төмен, белсенді індет ошағы бар немесе осындай ошақтармен әлеуметтік және/немесе географиялық тұрғыда тығыз байланысты елді мекендерде жоғары, — делінген АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) мәлімдемесінде.
Қызылшаға шалдығу 38 штатта расталды. Ең көп жұқтыру жағдайлары Техас штатындағы індетпен байланысты. Бұл жерде 750-ден астам жағдай тіркеліп, екі бала ажал құшты.
Індет алғашында вакцинация деңгейі төмен ауылдық қауымдастықта басталған. Денсаулық сақтау органдарының мәліметінше, қайтыс болған алғашқы науқас — мектеп жасындағы екпе алмаған бала, ал екінші жағдайда — сегіз жастағы екпе алмаған қыздың өлімі расталды. Екі баланың да бұрыннан келе жатқан аурулары болмаған.
Айта кетейік, АҚШ-та 2025 жылы қызылшаға шалдыққандар мен осы аурудан қайтыс болғандар саны алдыңғы жылдардағы көрсеткіштерден асып түсті.
АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) 3 сәуірдегі мәліметі бойынша бір аптада ел бойынша 124 жаңа жағдай тіркеліп, қызылшаның жыл басынан бергі жалпы саны 607-ге жеткен.
Бұған дейін хабарланғандай, Қырғызстанда да қызылша өршіп тұр, жыл басынан бері тоғыз бала қайтыс болған.