АҚШ-та құпия ақпараттың таралуына байланысты генерал қызметінен кетті

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет Иран соғысы туралы құпия ақпараттың таралуына қатысты генералды қызметінен шеттетті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі New York Post басылымына сілтеме жасап.

Фото: en.wikipedia.org

АҚШ армиясының генерал-лейтенант Бретт Сильвии Біріккен штаб бастықтары комитетінде стратегия, жоспарлау және саясат жөніндегі директор қызметін атқарды және Иранмен сегіз айлық қақтығыстың басынан аяғына дейін жетекші әскери стратег болды.
Қорғаныс министрлігінің өкілі Сильвииді «министр Хегсет ауыр тәртіп бұзғаны үшін қызметінен босатқанын» айтты.

— Сильвии Иран соғысы және басқа да мәселелер туралы құпия ақпараттың таралуына қатысты тергеудің фигуранты болып отыр. Пентагонның ғимаратқа кірген журналистерді ертіп жүруді талап ететін БАҚ саясатына байланысты, Сильвии құпия ақпараттарды бөлісу үшін журналистермен Пентагонның сыртында кездесе бастады, — деді министрлік өкілі.

Шенеуніктің айтуынша, генерал тексерістен өтпеген.

— Сильвии құпия ақпаратты жария етуге қатысты сұрақтар қойылған үш полиграфиялық сынақтан өтпеді. Оған қатысты тергеп-тексеру жүріп жатыр, іс келесі шараларды қабылдау үшін АҚШ Әділет министрлігіне жолданды.Құпия ақпараттың таралуының салдары ауыр болғандықтан, министр Хегсет ұлттық қауіпсіздікті қорғау үшін дереу арада шара қолданып, Сильвииді жұмыстан шығарды. Шұғыл шаралар қажет болды және оны бір секундқа да кешіктіруге болмас еді, — деді ол.

Пентагонның ресми өкілі Шон Парнелл X әлеуметтік желісіне құпия ақпаратты тарату әскердің өмірін қатерге тігетінін жазды.

— Қорғаныс министрлігі құпия ақпараттың тиісті рұқсатсыз әдейі жария етілуіне жол бермейді. Ұлттық қауіпсіздік туралы құпия ақпаратты жариялаған кез келген адам біздің сарбаздарымыздың өмірін қауіп-қатерге тігеді және ұлтымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған барлық әскери операцияларға нұқсан келтіреді, — деп жазды Парнелл.

Алайда, Біріккен штаб бастықтары комитетінің өкілі Сильвииді мақтап, комитет төрағасы, Біріккен штаб бастықтары комитеті және Біріккен күштер «генерал-лейтенант Бретт Сильвии мен оның отбасына 32 жыл бойы елге сіңірген адал еңбегі үшін терең ризашылық білдіретінін» және басшылық «оған және оның отбасына амандық тілейтінін» жеткізді.

Еске салайық, АҚШ-тың қару-жарақ қорлары туралы құпия ақпараттың таралуына байланысты Пентагонда ауқымды тексеріс жүргізілді. 

АҚШ Қорғаныс министрлігіне қарасты кадрлық деректер базасына жасалған кибершабуыл салдарынан 3 миллионға жуық адамның жеке мәліметтері ашылып қалды. 

АҚШ-тың Иранмен соғысқа жұмсаған шығыны 47 млрд доллардан асқаны хабарланған.