АҚШ-та лайықты өмір сүру үшін 5,3 млн доллар қажет

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-та лайықты өмір сүру құны азаматтардың табысынан жылдам өсіп жатыр, себебі тұрғын үйге иелік ету, балаларды тәрбиелеу және колледжде оқу ақысын төлеу шығындары айтарлықтай көбейді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі FOX Business -ке сілтеме жасап.

Фото: Pexels

Investopedia талдауына сәйкес, АҚШ тұрғындарының өмір бойы жайлы өмір сүруі үшін қажет қаражат көлемі бір жылдың ішінде 4,1 пайыз артқан. 

2025 жылы 5,11 млн доллар болған бұл сома 2026 жылы 5,32 млн долларға жетіп, бір жылда 208 мың доллардан астам қосылған.

Аталған құн жалақыға қарағанда әлдеқайда өскен. АҚШ Еңбек статистикасы бюросының мәліметінше, маусым айына дейінгі 12 айда жеке сектордағы орташа жалақы 3,1 пайыз артқан.

Investopedia жүргізген Халық санағы бюросының талдауы бойынша, бакалавр дәрежесі бар толық жұмыс күнімен жұмыс істейтін жұмысшы өмір бойы (25 жастан 64 жасқа дейін) табыс салығын есептемегенде шамамен 3,6 млн доллар табады. Әлеуметтік қамсыздандыру төлемдерін қосқанда, бұл сома 4,1 млн долларға жуықтайды. Соның өзінде АҚШ-та лайықты өмір сүруге қажетті қаражаттан 1,2 млн долларға төмен.

Тұрғын үйге иелік ету құны ең көп өсім көрсеткен. 2025 жылы 1,18 млн доллар болған өмір бойғы шығын 2026 жылы 1,27 млн долларға жетіп, 91 мың доллардан астам артқан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,7 пайыз жоғары.

Бұл есепке орташа құны 420 мың доллар тұратын жеке үйдің бастапқы 20% жарнасы, жылдық 6,32% мөлшерлемемен алынған 30 жылдық ипотека (пайызымен қоса шамамен 837 мың доллар), сондай-ақ сақтандыру, мүлік салығы, үйді күтіп ұстау және коммуналдық қызметтерге жыл сайын жұмсалатын 3 057 доллар кіреді. Соңғы шығындар 30 жылда тағы 438 мың доллар болады.

Investopedia дерегінше, бала тәрбиелеу мен колледжде білім алу шығындары ең жоғары қарқынмен өсіп, 2025 жылғы 876 092 доллардан 2026 жылы 953 763 долларға жеткен. Бір жылда бұл сома 8,9 пайызға көбейген.

Сондай-ақ екі жаңа автокөлік сатып алу, сақтандыру, техникалық қызмет көрсету, тіркеу және жанармай құнын қоса есептегендегі жалпы шығын бір жылда 0,5 пайыз өсіп, 1 205 627 доллар болған.

Investopedia зерттеуіндегі санаттардың ішінде денсаулық сақтау саласына жұмсалатын өмір бойғы қаражат қана өткен жылмен салыстырғанда 0,2 пайыз түсіп, 413 271 долларды құраған.

Бұған дейін 2026 жылы әлемде өмір сүруге және кәсіп жүргізуге қолайлы қалалар рейтингі жарияланғаны хабарланған болатын.