«Халықаралық білім беру институты» (Institute of International Education) коммерциялық емес ұйымының есебіне сүйенсек, 2026 жылдың күзгі семестрінде АҚШ-та оқуға жаңадан қабылданған шетелдік студенттер саны өткен оқу жылымен салыстырғанда 15 пайыз азайған. Ал 2025-2026 оқу жылында бұл көрсеткіш 17 пайыздан астам төмендеген. Бұған негізінен Үндістан мен Қытайдан келетін талапкерлер санының қысқаруы әсер еткен.
АҚШ-тағы колледждердің көбі шетелдік студенттерді тартуды басты міндет санайды. Алайда есепте бұл бағытта бірқатар кедергі бар екені де көрсетілген. Атап айтқанда, АҚШ-тағы оқу ақысы басқа елдермен салыстырғанда қымбат. Сонымен қатар F-1 және J-1 санатындағы визалардың көпшілігінің қолданылу мерзімін төрт жылмен шектейтін жаңа ережелерге қатысты белгісіздік те шетелдік студенттерді тартуға кедергі келтіріп отыр.
Шетелдік студенттерге кеңес беретін ұлттық қауымдастықтың (NAFSA) талдауына сәйкес, 2025-2026 оқу жылында шетелдік студенттер АҚШ экономикасына 40 млрд долларға жуық үлес қосқан. Биыл студенттер санының азаюы АҚШ экономикасына шамамен 2,4 млрд доллар шығын келтіреді деп болжанып отыр.
Fitch Ratings халықаралық рейтинг агенттігінің талдауында F-1 студенттік визасын алу тәртібіне енгізілген соңғы өзгерістер шетелдік студенттерге едәуір тәуелді АҚШ-тың кейбір колледждері мен университеттерінің қаржылық жағдайына кері әсер етуі мүмкін екені айтылған. Шетелдік студенттер, әдетте, оқу ақысын толық төлейді немесе жергілікті студенттерге қарағанда оқу орнынан аз көлемде қаржылай көмек алады. Бұл өзгерістер, әсіресе, магистратура бағдарламалары ауқымды және оқу мерзімі төрт жылдан асатын STEM бағыттары (ғылым, технология, инженерия және математика) бойынша мамандар даярлайтын университеттерге қиындық туғызуы мүмкін. Олар студент қабылдауды жалғастыру үшін шетелдік талапкерлерді тартуға байланысты қосымша шығын шығаруға мәжбүр болады.
Бұған дейін АҚШ-та студенттік виза шетелдіктер үшін қымбаттауы мүмкін екені хабарланған болатын.