АҚШ-та үш журналист Трампты Ақ үйге кіруге тыйым салғаны үшін сотқа берді

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-та CNN, MS NOW және Politico басылымдарының журналистері Дональд Трампты Ақ үйге кіруге тыйым салғаны үшін сотқа берді, деп хабарлайды DW.

Фото: Ақ үй

Дональд Трамп 19 қыркүйекте CNN, MS NOW және Politico журналистерінің Ақ үйге кіруіне рұқсатты қайтарып алып, аталған БАҚ-тардың жарияланымдарын «әділетсіз» деп атаған. Үш басылым оған қарсы бірлескен талап-арыз түсірді.

— Ақ үй ешқандай ескерту жасамастан біздің журналистік аккредитацияларымызды қайтарып алды. Бұған олардың біздің оқиғаларды жариялауымызға қарсылық білдіруі себеп болды. Егер бұл шешімге қарсылық көрсетілмесе, ол баспасөз бостандығына және қоғамның үкімет ықпалынан тәуелсіз журналистиканы алу құқығына қауіп төндіреді, — делінген БАҚ-тардың бірлескен талап-арызында.

Басылымдар Вашингтондағы федералдық судьяға журналистерінің Ақ үйге кіруіне қойылған тыйымды шұғыл түрде алып тастау және зардап шеккен тілшілердің аккредитациясын қалпына келтіру туралы өтініш жолдады.

Трамп талап-арызға өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі жазбасы арқылы жауап берді.

— Ақ үй еркін баспасөзге шабуыл жасап жатқан жоқ — мен оны құрметтеймін. Ақ үй жалған жаңалықтарға шабуыл жасап жатыр. Олар біз жақсы көретін Америка Құрама Штаттарында қатерлі ісік секілді кең тарап кетті. Олар жемқор, әрекеттері мақсатты түрде жасалады, ауқымды әрі мұқият үйлестірілген және олар бақылаудан толық шықты, — деп жазды АҚШ президенті.

Ал Fox News телеарнасының Вашингтондағы бюро басшысы, Ақ үйдегі телевизиялық пул консорциумының міндетін атқарушы төрағасы Брайан Боутон CNN-нің пул аясындағы міндеттерін орындауына Ақ үйдің мүмкіндік бермеуіне байланысты телевизиялық пул Дональд Трамптың қатысуымен өтетін іс-шараларды жариялауды тоқтататынын мәлімдеді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, судья Трамп әкімшілігінің Гарвардқа қарсы талап арызын қанағаттандырмады.