АҚШ-тағы сайлау: Вашингтон тұрғындарын не мазалайды

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Конгресіне аралық сайлау ел тұрғындарының демократиялық құқықтарды және өз елінің саяси болашағына тәуелсіз әсер ету мүмкіндігін қорғауға мүдделі екенін көрсетті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі.

Фото: Рүстем Қожыбаев/Kazinform

Вашингтондық сайлаушы Стейси дауыс беру туралы ғана емес, сонымен қатар елдің болашағы жайлы да ой бөлісті. Ол болашақ ұрпақ үшін демократиялық бостандықты сақтай аламыз ба деген сұраққа алаңдайды.

Фото: Рүстем Қожыбаев/Kazinform

— Мен елдегі демократияны, оның қалай басқарылатынын, оған қалай қамқорлық жасайтынымызды жақсырақ түсініп, келесі ұрпақ үшін олар сайлауда басқа адамдар қалағандай емес, өздері қалағандай дауыс беру мүмкіндігін сақтай аламыз деп үміттенемін, — деді Стейси.

Фото: Рүстем Қожыбаев/Kazinform

Стейси балаларға сайлауға еркін қатысып, өз шешімдерін қабылдай алатын елді мұра етіп қалдыруға баса назар аударды. 

— Мен олардың [балалар] тәуелсіз дауыс бере алуын, үкіметтің бақылауында болмай, өз пікірлерін білдіре алуын, оларға біз не істегіміз келетінін, олардың не істегенін қалайтынымызды айтқым келеді. Бұл біздің қолымыздан келеді деп ойлаймын, — деп атап өтті Стейси.

Вашингтон тұрғыны Алекс Колумбия округіне штат мәртебесін беру мәселесі шешілмей келе жатқанын алға тартып, бұның бұрыннан келе жатқан, қайталана беретін тақырып екенін айтты.

Фото: Рүстем Қожыбаев/Kazinform

— Қаламыз біздің ел ретіндегі демократиялық құндылықтарымызды қолдайды деп күтемін. Білесіз бе, Колумбия округінің мәртебесі қайта-қайта көтерілсе де шешімін таппай отырған мәселе. Бізде әлі де штат болып еңсе көтеру жолында еңбек етіп келе жатқан талантты адамдар бар, — дейді Алекс.

Фото: Рүстем Қожыбаев/Kazinform

Оның айтуынша, округ тұрғындары жергілікті сайлауға ұдайы қатысқанымен, АҚШ Конгресінде толық саяси өкілдігі жоқ.

— Біз, әрине жергілікті сайлауға қатысып, өз өмірімізге әсер ете аламыз, бірақ округ болғандықтан толыққанды сайлаушы ретінде құқығымыз шектеулі, — деді Алекс.

Бұған дейін АҚШ Конгресінде билік ауысуы мүмкіндігін, демократтар Өкілдер палатасын бақылауға алып жатқанын хабарлаған едік.