Олардың кейбірі 8-10 мың жыл бұрынғы кезеңге жатуы мүмкін. Зерттеушілердің пікірінше, бұл олжалар Солтүстік Америкадағы ежелгі адамдардың тұрмыс-тіршілігі мен өзара байланысы туралы тың мәлімет береді.
Осыған дейін археологтар үшін Техас штатының Панхандл аймағындағы ежелгі адамдардың қоныстану тарихы жеткілікті зерттелмеген еді. Әсіресе жартас паналарына қатысты деректер аз. Себебі өңірдегі мұндай орындардың басым бөлігі соңғы 2 мың жылға ғана тиесілі.
Жартас панасы штаттың Рэндалл округіндегі Сета каньонында, Хэппи елді мекенінің маңында орналасқан. Нысанды 1949 жылы Стэнли Шеффер анықтаған. Ол кезде жартас панасы шаңды дауылдардан кейін шөгінді топырақтың астында қала жаздаған. Кейін археолог Джек Хьюз 1952 жылы оны ғылыми тұрғыда құжаттаған.
Өткен жылы келісімшарт негізінде жұмыс істейтін археолог Брэндон Талли Панхандл-Плейнс тарихи қоғамымен бірлесіп, осы жерден жиналған жәдігерлер топтамасын қайта зерттеуге кіріскен. Нәтижесінде әр кезеңде өмір сүрген түрлі қауымдардың осы аумаққа мыңдаған жыл бойы қайта оралып отырғаны анықталған.
Зерттеу барысында табылған ерекше бұйымдардың бірі – салмағы шамамен 140 грамм болатын үлкен тас тұмар. Мамандар оның кремнийленген доломиттен жасалғанын және Алибейтс шақпақтас кеніштері маңынан әкелінуі мүмкін екенін болжайды.
Сондай-ақ Оңтүстік-Батыс аймаққа тән қыш ыдыстар, көгілдір ақық тастар мен теңіз бақалшақтарынан жасалған моншақтар табылған. Кейбір бақалшақ бұйымдардың Калифорния түбегінен немесе Техас шығанағы жағалауынан жеткізілген болуы ықтимал. Бұл орындардың жартас панасынан қашықтығы 800 шақырымнан асады.
Археолог Брэндон Таллидің пікірінше, Сета каньонының географиялық орналасуы ежелгі адамдардың аймақты еркін аралауына мүмкіндік берген. Зерттеуші бұл аумақты сол кезеңдегі маңызды көлік дәлізіне теңеп отыр. Табылған жәдігерлер ежелгі қауымдар арасында алыс қашықтыққа созылған байланыс пен айырбас болғанын аңғартады.
Жартас панасынан бизон мен бұғының сүйектері де анықталған. Ғалымдар оларды осы аумақты мекендеген аңшылардың қалдыруы мүмкін екенін айтады. Сонымен қатар жүгері қалдықтары табылған. Бұл кейбір қауымдардың егіншілікпен айналысқанын немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін пайдаланғанын көрсетеді.
Ғалымдардың айтуынша, бұл зерттеу Техас өңіріндегі ежелгі адамдардың қоныстану тарихын тереңірек түсінуге және Солтүстік Америкадағы көне қауымдардың өзара байланысын зерделеуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Баянауылда Алтын Орда дәуіріне тиесілі темір өндірісінің іздері табылғанын жаздық.
Сондай-ақ Германиядағы көл түбінен тас дәуіріндегі қоныстың іздері табылды.