Германиядағы көл түбінен тас дәуіріндегі қоныстың іздері табылды
АСТАНА. KAZINFORM — Германияның солтүстігіндегі Арендзе көлінің 20 метр тереңдігінен археологтер ерекше олжа тапты. Су астынан табылған ағаш құрылымдар тас дәуіріндегі адамдардың тұрмыс-тіршілігі туралы түсінікті өзгертуі мүмкін, деп жазады Euronews.
Саксония-Анхальт жеріндегі ескерткіштерді қорғау және археология басқармасының мамандары су астынан жақсы сақталған, жасы 10,5 мың жылға дейін жететін ағаш бұйымдарды тапты. Олар мезолит дәуіріне, яғни орта тас ғасырына жатады.
Зерттеушілердің ерекше назарын ұзындығы шамамен 1,6 метр болатын, шапқан және өңдеген іздері сақталған ағаш бағана аударды. Оның жанынан ұзындығы 1,3 метрге дейін жететін жарылған ағаш тақтайлар да табылды.
Алдын ала болжам бойынша бұл бұйымдар Орталық Еуропада алғашқы егіншілер пайда болғанға дейін-ақ аңшылықпен және терімшілікпен айналысқан адамдар салған көне құрылыстардың бөлшектері болуы мүмкін.
Археолог Харальд Меллердің айтуынша, бұл кезеңге жататын ағаш бұйымдар өте сирек сақталады. Әдетте зерттеушілер тас құралдар мен жануарлардың сүйектерін табады. Ал Орталық Германиядағы мезолит дәуірі құрылыстарының іздері осы уақытқа дейін негізінен топырақ түсінің өзгеруі арқылы ғана анықталған.
Ғалымдар әзірге табылған құрылымдардың нақты қандай мақсатта пайдаланылғанын анықтай алмай отыр. Олар тұрғын үйлердің немесе мақсаты әлі белгісіз басқа да құрылыстардың бөлігі болуы мүмкін.
Зерттеу жобасының жетекшісі Марсель Вайстың пікірінше, бұл олжа ежелгі адамдардың өмір салты туралы қалыптасқан түсінікті едәуір өзгертуі ықтимал.
Егер аңшылар мен терімшілердің осыдан 10,5 мың жыл бұрын ұзақ уақыт пайдалануға арналған құрылыстар салғаны расталса, адамның қоршаған ортаны игеру тарихына жаңаша қарауға тура келеді. Өйткені бұл Орталық Еуропада алғашқы егіншілердің пайда болып, оларға тән ұзын үйлер салына бастаған кезеңнен шамамен 3 мың жыл бұрын болған.
Ағаш бұйымдардың ерекше жақсы сақталуына Арендзе көлінің геологиялық ерекшеліктері себеп болған. Жер астындағы тұз шөгінділерінде жүретін процестердің салдарынан көл түбі біртіндеп төмендейді. Соның нәтижесінде көне бұйымдар жұқа лай қабатының астында қалып, бұзылудан сақталған.
Көлде суасты археологиялық зерттеулері бірнеше жылдан бері жүргізіліп келеді. Бұған дейін мұнда неолит дәуіріне жататын балық аулау бөгеттері, ортағасырлық жалпақ түпті кеме және ағашты ойып жасау әдісімен әзірленген көне қайық табылған.
Олжаларды әрі қарай зерттеу үшін археологтер суасты роботын және жоғары дәлдіктегі сонарлық сканерлеу технологиясын қоса алғанда, заманауи жабдықтарды пайдаланып жүр. Бұл құралдар ежелгі жағалау сызығының бедерін зерттеп, алдағы қазба жұмыстары жүргізілетін аумақтарды анықтауға мүмкіндік береді.
Мамандар енді табылған ағаш құрылымдардың ежелгі қоныстың бөлігі болған-болмағанын немесе басқа мақсатта пайдаланылғанын анықтауы керек.
Еске сала кетейік, Швейцарияда су астынан IV ғасырдағы рим көпірінің қалдықтары табылды. Бұл жаңалық ежелгі Салодурум қонысы маңында өзен өткелі болғанын растайтын алғашқы материалдық дәлел болды. Рим дәуірінде қазіргі Золотурн қаласы осылай аталған.
Бұған дейін Қырғызстанда Ыстықкөлдің түбінен археологтер Атлантидаға ұқсас ежелгі қаланың орнын анықтады. Сүңгуірлер мен археологтер суасты экспедициясы барысында Тору-Айгыр маңындағы су басқан аумақты зерттеп, ортағасырлық қоныстың болғанын растаған.