АҚШ-тың баж салығы туралы жаңа мәлімдемесінен кейін Үндістанның қордағы индекстері құлады
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамптың Үндістан тауарларының импортына 25% қосымша баж салығын енгізу туралы мәлімдемесінен кейін Үндістанның қор биржалары таңға саудада құлдырай түсті. Бұл туралы The Hindustan Times басылымы жазды, деп хабарлайды ресейлік ТАСС.
Бомбей қор биржасының Sensex индекстері 335,71 пунктке төмендеп, 80 208,28 белгісіне жетті. Ал Nifty индексі 114,15 пунктке құлдырап, 24 460,05-ке тұрақтады.
Sensex Бомбей қор биржасындағы 30 жетекші компания акцияларының құбылуын тіркеп отырады. Ал Nifty республиканың Ұлттық қор биржасында ұсынылған Үндістанның ең ірі деген 50 кәсіпорнының орташа мәнін көрсетіп отырады.
Басылымның жазуынша, Нью-Дели мен Вашингтон арасындағы текетірес инвесторлардың сенімін жоғалту қаупін тудырып отыр.
- Екіжақты қарым-қатынастың күрделеніп тұрған тұсында баж салығының еселенуі нарықтың тұрақтылығын бұзуы мүмкін,- деген пікірін білдірді Kotak Mahindra активтерді басқару компаниясының бас директоры Нилеш Шах.
Нарық екі мемлекет үкіметтерінің саяси шара қолдануын күтіп отыр. Ал инвесторлар Үндістанның Резервтік банкінің қимылы мен жағдайды реттеу бойынша дипломатиялық әрекеттердің артын бағып отыр.
Айта кетейік, АҚШ сәрсенбі күні Үндістанның ресейлік мұнай мен мұнай өнімдерін сатып алып жатуына байланысты қосымша 25% баж салығын енгізді.
Трамп жарлығы бойынша олар мұндай шараны өзге елдерге қатысты да қолдануы мүмкін. Осылайша, АҚШ-тың Үндістан тауарларына салған баж салығының көлемі 50% жетті.
Үндістанның Сыртқы істер министрлігі бұл әрекетті әділетсіз, негізсіз және ақылға сыйымсыз деп бағалап, өзінің мүддесін қорғау үшін барлық шараларды қолға алатынын мәлім етті.
Осыған дейін АҚШ-тың ЕО алкоголь өнімдеріне енгізген тарифтеріне бола 25 000 жұмыс орнына қауіп төнгені туралы жаздық.