АҚШ-тың Кентукки штатындағы су тасқынынан 4 адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың Кентукки штатында нөсер жаңбырдан кейін болған су тасқыны салдарынан кемінде төрт адам қаза тапты.

Фото: Анадолу

Бұл туралы Anadolu агенттігі хабарлады.

АҚШ Ұлттық метеорологиялық қызметі Кентукки мен Индиана штаттарының бірқатар ауданында кенеттен болатын су тасқыны қаупіне байланысты ескерту жариялады.

Кентукки штатының губернаторы Энди Беширдің мәлімдеуінше, Мэдисон және Джексон округтерінде болған су тасқыны төрт адамның өмірін қиған.

«Нөсер жауыннан кейін болған су тасқыны салдарынан Мэдисон және Джексон округтерінде төрт адам қаза тапты. Сондай-ақ штаттағы 12 автожолды су басып, көлік қозғалысына жарамсыз болып қалды», – деді Энди Бешир X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Губернатор тұрғындарды қараңғы уақытта немесе көру мүмкіндігі шектеулі жағдайда жолға шықпауға шақырды.

Мэдисон округі әкімшілігінің өкілі Карлос Койлдың айтуынша, іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Кейбір аудандарға құтқарушылар әлі жете алмай отыр.

Ал Буллитт округінде ауылдық аумақта көшкін жүруіне байланысты жергілікті билік тұрғындарды эвакуациялау туралы шешім қабылдады.

Айта кетейік, Германияда бұрын-соңды болмаған аптап ыстық тіркелді.