АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың Киевтегі елшісі Бриджит Бринк отставкаға кетіп, Вашингтонға оралады. Бұл туралы Америка астанасында өткен брифингте АҚШ Мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Тэмми Брюс мәлімдеді, деп жазады Анадолы.
Тэмми Брюс дипломатиялық миссия басшысы «қақтығыстың 3 жылында осы қызметті атқарғаннан кейін» отставкаға кеткенін атап өтті.
– Ол өз міндетін тамаша атқарды, біз оған бар жақсылықты тілейміз, – деді Мемлекеттік департамент өкілі.
Дипломат елшінің отставкаға кетуі туралы егжей-тегжейлі мәлімет бермеді. Брюс Америка Құрама Штаттары Украина мен Ресей арасындағы қақтығысты тоқтатуға бағытталған күш-жігерге баса назар аударатынын айтты.
Айта кетейік, бұған дейін Ыстамбұлдағы Ресей Бас консулдығының ғимаратында Ресей мен АҚШ делегациялары арасындағы консультациялардың екінші раунды өткенін жаздық.
Жарасқан Нұрыбаев
Нұрыбаев Жарасқан Бекназарұлы
1990 жылдың 12 қаңтарында Өзбекстан Республикасында туған.
"Низами" атындағы Ташкент Мемлекеттік Педагогика Университетінің түлегі.
Газет және телеарналарда тілші әрі тележүргізуші қызметін атқарған.
Бірнеше Халықаралық ақындар мүшәйрасының жүлдегері.
Қазіргі таңда ҚР Президентінің Телерадиокешенінде "Қазақпарат" ХАА шығарушы редакторы