Трамптың жеңілісі: АҚШ Жоғарғы соты туу арқылы азаматтық алу құқығын күшінде қалдырды

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ Жоғарғы соты ел аумағында дүниеге келген адамдардың АҚШ азаматтығын автоматты түрде алу құқығын растады. Бұл құқықты президент Дональд Трамп барынша шектеуге әрекет жасаған еді, деп хабарлайды BBC .

Фото: wikipedia.org

Жоғарғы сот Трамптың жарлығын күшін жою туралы шешім қабылдады. Шешімді алты судья қолдап, үшеуі қарсы дауыс берді.

Дональд Трамп туу арқылы азаматтық алу құқығын шектеу туралы жарлыққа былтыр қаңтарда, президент қызметіне кіріскеннен кейін көп ұзамай қол қойған. Жарлыққа қол қойылғаннан кейін бірден билігі Демократиялық партияның қолындағы бірнеше штат пен қала оны жоюды талап етіп, сотқа жүгінді.

Жарлықтың күшіне енуін үш федералдық судья тоқтатуға тырысқанымен, кейін олардың шешімдерінің күшін АҚШ Жоғарғы соты жойды. Соның нәтижесінде бірнеше сот ісі бір өндіріске біріктіріліп, түпкілікті шешімді Жоғарғы сот сейсенбі күні шығарды.

Сарапшылардың пікірінше, бұл іс Дональд Трамп үшін ерекше маңызды болды.

Сәуір айында ол Жоғарғы соттағы тыңдауға жеке қатысып, әкімшілік ұстанымын АҚШ-тың бас заң өкілі Джон Сауэр таныстырған кезде сот залында отырған. Сол кезде сыншылар президенттің сотқа келуін бұл істі қарайтын судьяларға ықпал ету әрекеті ретінде бағалап, мұндай қадамның орынсыз екенін мәлімдеді.

Айта кетейік, Ақ үй АҚШ-тың саяси баспана іздеушілерді қабылдауды толығымен тоқтататынын мәлімдеді.

Сондай-ақ Трамп жанармай құю станцияларын бензин бағасын төмендетуге шақырды.