Алдағы уақытта Ақтауда өндірілген аммиак селитрасы көлік-логистикалық тізбек нәтижесінде бүкіл әлем бойынша соңғы тұтынушыларға жөнелтілетін болады.
Бұл тасымалдау ҚР Көлік министрлігі мен Маңғыстау облысы әкімдігінің, Транскаспий халықаралық көлік маршрутының, «Ақтау теңіз сауда порты» ҰК» АҚ, «Қазтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» ЖШС, «Касқор-Транссервис» АҚ, ADY Express, «Батуми теңіз порты» ЖШҚ қолдауымен жүзеге асырылады. Сонымен қатар жөнелтуші компанияның экспорттық әлеуетін әртараптандыруға мүмкіндік бермек.
«2024 жылы аммиак селитрасын 50 000 тоннадан астам көлемде Транскаспий халықаралық көлік маршруты бойынша Поти және Батуми порттарына жөнелту жоспарланып отыр. Бұл маршрутты пайдалану кәсіпорын үшін жаңа халықаралық нарықтарға аммиак селитрасын жеткізуге және қазақстандық тауардың бүкіл әлемге танылуын арттыруға мүмкіндік береді», — деп жазылған «ҚазАзот» АҚ хабарламасында.
Осыған дейін Ақтау порты арқылы жүк контейнерлерін ауыстырып тиеу екі есеге артқаны белгілі болды. Сондай-ақ, Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша 2 мыңнан астам жиырма футтық эквивалентте бары айтылды.