Ақтау портында теңіз түбін тереңдету жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады

АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтау халықаралық теңіз сауда портында теңіз түбін тереңдету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба аясында 1,3 млн текше метр топырақ шығарылып, порт акваториясының тереңдігі 6-7 метрге дейін ұлғайтылады.

Фото: Ақтау халықаралық теңіз-сауда порты

Бұл туралы «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» ҰК» АҚ Kazinform сайтының ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді. Компанияның мәліметінше, жұмыстарды Қытайдың China Harbour Engineering Company Ltd (CHEC) компаниясы атқарып жатыр. Геодезиялық ізденістерден бастап топырақты шығаруға дейінгі жұмыстарды қытайлық мердігер орындайды.

Фото: Ақтау халықаралық теңіз-сауда порты

Түпті тереңдету жұмыстары порттың акваториясын, соның ішінде кіреберіс арналар мен айлақтар маңындағы операциялық аймақты қамтиды. Жобаның жалпы аумағы — 77,1 гектар.

— Каспий теңізінің тартылуына байланысты айлақтар маңындағы тереңдік 4,5–5 метрге дейін төмендеген. Жұмыстар аяқталғаннан кейін порт акваториясының тереңдігі 6–7 метрге дейін жеткізіледі. Бұл кемелердің қажетті шөгу тереңдігін қамтамасыз етіп, олардың толық жүкпен кіруіне мүмкіндік береді, — делінген компанияның жауабында.

Фото: Ақтау халықаралық теңіз-сауда порты

Шығарылған топырақ арнайы учаскелерге тасымалданып, жаңа айлақтар салуға арналған жасанды аумақ қалыптастыру үшін пайдаланылады.

Жоба порттың өткізу қабілетін арттыруға және Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға бағытталған. Компанияның мәліметінше, жұмыстар аяқталғаннан кейін Орталық дәліз бойынша тасымал көлемін 30 пайызға дейін арттыру көзделген. Ал 2028 жылға қарай бағыттың өткізу қабілетін жылына 6 млн тоннадан 10 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Фото: Ақтау халықаралық теңіз-сауда порты

Сонымен қатар кемелерді толық жүктеу мүмкіндігі теңіз арқылы жүк тасымалдау құнын шамамен 10–15 пайызға төмендетуге ықпал етеді деп күтілуде.

Жобаның құны — 20,6 млрд теңге. Қаржыландыру қарыз қаражатын тарту арқылы жүзеге асырылады, ал жобаны Қазақстан Үкіметі мен Көлік министрлігі үйлестіреді.

Теңіз түбін тереңдету жұмыстарының бірінші кезеңі көктемде басталған. Жобаны 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Бұған дейін Ақтау портында су түбін тереңдету жұмыстары басталғанын жазған едік.