Ақтауда 1 қыркүйекте смарт-мектеп өз жұмысын бастайды

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Маңғыстау облысы педагогикалық қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз конференциясы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Конференцияға ҚР БҒМ білім саласын бақылау комитеті төрағасының орынбасары Л.Бөлебаева, «НЗМ» ДББҰ өкілдері, аудандық, қалалық білім бөлімдерінің басшылары және ұстаздар қауымы қатысты.

Облыста 271 мектепке дейінгі ұйым, 143 мектеп, 15 қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді. Облыста жыл сайын орта есеппен 20-23 балабақша ашылып, 3-6 жастағы баланың 93% мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылды. Жыл соңына дейін қамту көрсеткіші 97% болады. 1 қыркүйекте 134 129 оқушы мектепке барады, оның ішінде бірінші сынып оқушыларының контингенті 16600 оқушыны құрайды. Жаңа оқу жылында балаларға 143 мемлекеттік және 5 жекеменшік мектеп білім береді. Биыл облыста 9 мектеп ашылды.

Ақтау қаласындағы жаңадан ашылған № 29 смарт-мектебінде STEM-лаборатория, смарт-жылыжай, галографикалық ақпараттандыру бұрыштары, чип арқылы оқушылардың мектепке келіп-кетуін қадағалау жобалары енгізілді. Осындай STEM-лаборатория мемлекеттік-жеке меншік механизмі арқылы облыстағы 25 мектепте жұмыс жасайды. Маңғыстау политехникалық колледжінде IT мамандар, информатика пәні мұғалімдері мен оқушылары үшін біліктілік арттыру курстары өткізілетін ІТ-орталық ашылады.

«Ауыл көшбасшылары» жобасының нәтижесі бойынша 30 оқушы Алматы қаласындағы және 70 оқушы Ақтау қаласында теңіз жағасындағы тренингтік лагерьде оқып, демалып қайтты.

«Кәсіпкер боламын» жобасы аясында 85 мұғалім, 365 оқушы бизнес-тренерлікті оқып, нәтижесінде жеңімпаз 150 бала теңіз жағалауындағы бизнес-лагерьде елімізге танымал кәсіпкерлер және бизнес-тренерлерден дәріс алды. Оқушылар мен студенттер арасында білім басқармасы мен Назарбаев Зияткерлік мектебі бірігіп өткізген «Каспиан Стартап-2018», Есенов университетінің «Стартап Болашақ» конкурстарының нәтижесінде 28 жоба қаржыландырылып, кәсіпкерлер тарапынан қолдау тауып, осындай стартап жобалардың конкурсын жыл сайын өткізу жоспарланды. Атап айтсақ, былтыр басталған «Жасыл мектебім - жасыл мекенім» жобасы аясында білім беру ұйымдарында 25 жылыжай ашылды.

Ақтау қаласындағы №21 мектептің жанынан еуропалық стандартқа сәйкес футбол алаңы (46 млн) салынып, «Намыс» балалар футбол клубы құрылды. Қазір клубта екі жүзден аса жасөспірім бар. Мектеп базасынан футбол академиясын ашу жұмыстары жүргізілуде. Қыркүйек айынан бастап жергілікті бюджет есебінен 22 баланы қамтитын футбол сыныбы ашылады.

«Жастарды ғылыми-зерттеу жұмыстарына баулу және өндірістік-технологиялық ортаға кірістіру - басты міндеттеріміздің бірі болуы тиіс. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын, оның ішінде білім беру жүйесін цифрландыруды, сонымен қатар IT және инжинирингтік қызмет дағдыларын дамытуды жүзеге асыру қажет. Білім беру ұйымдарындағы интернеттің жылдамдығын 4-10 МБиттен 60-100 Мбитке дейін көтеру, оны сауатты әрі толыққанды пайдалану талап етіледі. Сыныптарды заманауи үлгідегі компьютерлермен, LED дисплейлермен жабдықтау, роботехника құралдарының жаңа модельдерімен толықтыру қажет. Осы мақсатта биыл жергілікті бюджеттен компьютер сатып алуға 300 млн. теңге қаралды. Білім беру жүйесін дамытуға, туған жердің шынайы отансүйгіштерін тәрбиелеуге қосқан үлестеріңіз үшін зор алғысымды білдіре отырып, жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын» - деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.