Ақтауда көгалдандыру жұмыстары 2022 жылдан бері мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында жүргізіліп келеді. Бес жылға есептелген жобаның жеке серіктесі — «Green City Aktau» ЖШС.
— «Маңғышлақ эксперименттік ботаникалық бағы» РММ жүргізген техникалық қадағалау нәтижесіне сәйкес, 2023 жылы жаңадан отырғызылған 959 жапырақты және 145 қылқан жапырақты ағаш жерсінбеген. 2024 жылы тағы 957 жапырақты және 144 қылқан жапырақты ағаш, ал 2025 жылы 254 жапырақты және 115 қылқан жапырақты ағаш тамыр жаймаған. Осылайша, үш жылда барлығы 2 574 ағаштың жерсінбегені анықталды, — делінген хабарламада.
Сонымен бірге, 2023 жылы жоба бойынша жоспарланған көшеттердің барлығы толық отырғызылмағаны анықталған. Атап айтқанда, 383 жапырақты, 251 қылқан жапырақты ағаш және 379 көпжылдық гүл егілмеген. Әкімдік мәліметінше, атқарылмаған жұмыстарға тиесілі қаражат бюджетке кері қайтарылған.
— Көгалдандырудағы тағы бір күрделі мәселе — суару. Қазір қаладағы саябақтар, скверлер, аллеялар мен шағынаудандардағы жасыл желектер бекітілген кесте бойынша суарылып жатыр. Алайда жасыл желектерді суаруға тәулігіне 5–5,5 мың текше метр су қажет. Ал қазіргі таңда пайдаланылып отырған 4А шағынауданындағы жер асты су көзінің қуаты тәулігіне шамамен 1,3–1,5 мың текше метр ғана. Осы тапшылықтың орнын толтыру үшін суару құбырлары жүргізілмеген аумақтарға 35 арнайы су тасымалдаушы техника жұмылдырылған, — делінген әкімдік жауабында.
Су тапшылығы жағдайында әкімдік тазартылған кәріз суын көгалдандыруға пайдалануды жоспарлап отыр.
— Жоба бойынша жеке инвестордың қаражатына кәріз суын заманауи технологиялар арқылы тазалап, қайта өңдеу көзделген. Тазартылған суды кейін саябақтар, скверлер мен басқа да көгалдандырылған аумақтарды суаруға пайдалану жоспарланып отыр. Бұл бастама жүзеге асса, көгалдандыру үшін ауызсуға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.
Бұған дейін, Маңғыстаудағы үш ауысымды мектеп мәселесі туралы жазған болатынбыз.