Ақтауда 8 жастағы бала түзету орталығының терезесінен құлап, қаза болды

АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтаулық 8 жасар Нұралы Рухламинов үшінші қабатта орналасқан түзету орталығының терезесінен құлап, екі ай ауруханада жатып, көз жұмды.

Фото: Kazinform

Оқиға 2026 жылғы 27 наурызда Ақтау қаласында болды. Түзету орталығы 24-шағын аудандағы «Бойтұмар» жеке балабақшасы орналасқан ғимараттың үшінші қабатында жұмыс істеген. III топтағы мүгедектігі бар, екіжақты туабітті есту қабілеті бұзылған бала сол орталықтың терезесінен құлап кеткен. Салдарынан ауыр дене жарақатын алып, облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер баланың аяқ-қолдары, жамбас сүйектері, омыртқасы мен ішкі ағзалары зақымданғанын айтады.

Баланың жағдайы нашарлауына байланысты оны 17 сәуірде санитарлық авиациямен Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына жеткізген. Бірақ, дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, бала 20 мамыр күні көз жұмды.

Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 141-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Марқұмның атасы әрі қамқоршысы Мақсат Дәулетов оқиғаны жан-жақты тергеп, жауаптыларды анықтауды сұрайды. Ол ұсынған бейнебақылау камераларындағы жазбада оқиға алдында бөлмеде үш баланың ересектердің қарауынсыз қалғаны көрінеді.

Маңғыстау облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкілі Тілектес Болатбаеваның мәліметінше, осы оқиға бойынша Ақтау қалалық білім бөлімі жанынан комиссия құрылып, тексеру жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде, түзету орталығында қауіпсіздік мәселелері қарастырылмағаны, терезеге темір тор орнатылмағаны және балалар қараусыз қалғаны анықталған.

— Жекеменшік балабақша ешқандай келісімшартқа отырмай, өзара ресми құжат жасақтамай, үшінші қабатты түзетуі орталығына беруі негізінде заңсыз. Бұл орталықтың ресми құжаттары болмаған, дайын мамандары да болмағаны анықталды. Тергеу жүріп жатыр. Бұл жұмыс аяқталған жоқ. Түзету орталығы 28 наурыз күні жұмысын тоқтатты, үшінші қабат бос тұр, — дейді бала құқықтары жөніндегі уәкілі Тілектес Болатбаева.

Бұған дейін, Маңғыстауда ауладан 12 жастағы баланың денесі табылған болатын.