Ақтаулық Анна Диденконың сөзінше, олар екі аптадан бері суды тек түнде жинап, пайдалануға мәжбүр.
– Күндіз мүлде су болмайды. Біз жоғарғы қабатта тұрамыз. Су тек түнгі сағат 3:00 мен 4:30 аралығында келеді. Сол уақытта су жинап үлгеруіміз керек. Күні бойы ыдыс жуылмай, тұрмыстық жұмыстардың бәрі кейінге қалады, - дейді тұрғын.
Ал облыстық Су ресурстары және ирригация басқармасы басшысының орынбасары Әнуар Түляковтың айтуынша, мәселенің негізгі себебі су тапшылығы емес, тозығы жеткен инженерлік желілер. Қазір өңірдегі су тұщыту зауыттары қаланы қажетті көлемдегі сумен қамтамасыз етіп отыр. Алайда қаладағы су құбырларының шамамен 80 пайызының тозуы салдарынан апатты жағдайлар жиілеген.
– Зауыттарда сумен қамтамасыз ету бойынша ешқандай мәселе жоқ. Су жеткілікті. Қазіргі қиындықтардың негізгі себебі – ескірген құбырлар. Оларды кезең-кезеңімен жаңартып жатырмыз. Бірінші шағын ауданнан бастап алтыншы шағын ауданға дейін су және кәріз желілері толық ауыстырылды. Бұл жұмыстар әрі қарай жалғасады, - деді Әнуар Түляков.
Айта кетейік, Ақтау қаласында шамамен 500 шақырым су құбыры жаңартуды қажет етеді. Мамандардың айтуынша, желілер толық жаңартылып, қалаға тұрақты ауыз су беру үшін шамамен үш жыл уақыт қажет.
Бұған дейін Олжас Бектенов Алматыдағы жылу электр орталығының жұмыс қарқынын сынға алды.