Ақтауда ауыз су тапшылығы толығымен жойылды

Фото: zhanaqorgan-tynysy.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Маңғыстау облысында ауыз су тапшылығы ұзақ жылдар бойы көтеріліп, наразылық тудырып келген күрделі мәселе болды. Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай мәселенің қалай шешілгенін айтып берді. 

Оның айтуынша, Ақтау қаласындағы «Каспий» су тұщыту зауытының 2-кезеңі іске қосылып, қуаты 40 мың текше метрге дейін артты.

– МАЭК аумағында су тұщыту қондырғысы іске қосылып, Ақтау қаласының ауыз су көлемі тәулігіне 58 мыңнан 84 мың текше метрге дейін артты. Нәтижесінде жылдар бойы Ақтау қаласында орын алып жүрген ауыз су тапшылығы толығымен жойылды, - деді Н. Қилыбай елордада Орталық коммуникациялар қызметінде.

Сонымен бірге, Кендірлі курорттық аймағындағы «Тоқмақ» жерінде тәулігіне 50 мың текше метр теңіз суын тұщыта алатын зауыт құрылысы аяқталды. Зауыт 2026 жылдың басынан бастап Жаңаөзен қаласы және жақын маңдағы ауылдарды үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз етеді.

– Осылайша Жаңаөзенді де сумен қамту мәселесі 100% шешілді. Жаңаөзен қаласын ауыз сумен қамтып отырған Астрахань-Маңғышлақ су құбырына жүктеме азаяды және аталған су құбырынан босап шыққан 26 мың текше метр су Бейнеу ауданы Бейнеу ауылына, Қарақия ауданы Жетібай ауылына, Мұнайлы ауданы Батыр, Қызылтөбе, Маңғыстау ауданының ауылдарына бөлініп, жаз мезгіліндегі қосымша қажеттілікті толықтай жабады, - дейді облыс әкімі.

Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Құрық ауылында тәулігіне 10 мың текше метр су тұщытатын қондырғы орнату жобасы аяқталды. Нәтижесінде, Құрық ауылы, жылы жағажай бағыты толықтай ауыз сумен қамтылып, су көлемінің қалған бөлігі Ақтау қаласына Мұнайлы ауданы Батыр ауылына беріледі.

Форт-Шевченко қаласында тәулігіне 5000 мың текше метр теңіз суын тұщытқыш қондырғы кешені іске қосылды. Нәтижесінде Форт-Шевченко қаласы және жақын маңдағы елді мекендер үздіксіз және толық көлемде ауыз сумен қамтылды.

Бұдан бөлек, Ақшұқыр және Сайын-Шапағатов ауылдарында су мәселесі түбегейлі шешілді.

Бұған дейін Нұрдәулет Қилыбай Қазақстан мен Әзербайжан арасында алғашқы паромдар қатынай бастайтынын айтқан еді. 

Сонымен бірге, Маңғыстау облысында 16 жаңа жол салынып жатыр.