Ақтауда айлақтағы жаппай төбелеске қатысты қылмыстық іс қозғалды

АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтауда теңіз жағалауындағы айлақтардың бірінде бірнеше ер адам жаппай төбелесіп, тұрғындардың үрейін ұшырды.

Фото: ҚР ІІМ

Бейнежазбадан ер адамдар арасында жанжал туындап, оның соңы төбелеске ұласқанын көруге болады. Төбелес барысында қатысушылардың бірі суға құлап кеткен. Оқиға орнында болған тұрғындар жанжалды тоқтатуға тырысқан. 

Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, құқық қорғау органдары оқиғаға қатысы бар барлық тұрғынды анықтап, ұстаған.

— Ер адамдар арасында туындаған жанжал сөзге келуден басталып, кейін төбелеске ұласқан. Оқиғаға қатысушылардың барлығы Ақтау қалалық полиция басқармасына жеткізілді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады ведомстводан.

Полицияның мәліметінше, жанжалға қатысушылар медициналық көмекке жүгінбеген. Қазіргі уақытта оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.

Бұған дейін, Алматыда жаппай төбелес кезінде екі жасөспірім мерт болды.

Ал, Ақтөбеде мұнайшылар төбелесіп, біреуі пышақ жарақатын алды.