Ақтауда балабақша қызметкерлері еңбек құқығының бұзылғанына шағымданды

АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтау қаласындағы № 54 «Айналайын» бөбекжайының қызметкерлері жаңа директор келгеннен кейін ұжымда психологиялық қысым мен түсініспеушілік көбейгенін айтып, әлеуметтік желі арқылы мемлекеттік органдардан көмек сұрады.

Фото: freepik.com

Ал қалалық білім бөлімі жүргізген зерделеу барысында еңбек қатынастары мен кадрлық құжаттарды рәсімдеуде бірқатар кемшілік анықталған.

Әлеуметтік желіде жарияланған жазбада биыл 16 маусымда жаңа директор тағайындалғаннан кейін балабақшадағы жұмыс жағдайы қиындаған. Қызметкерлер басшылық тарапынан дөрекі қарым-қатынас, дауыс көтеру және орынсыз қысым көрсету фактілері болғанын алға тартады. 

Сондай-ақ олар балабақшадағы жиһаз, ойыншықтар мен әдістемелік құралдардың жеткіліксіздігін, компьютерлік техниканың тапшылығын, педагогтердің ұсыныстары ескерілмейтінін жазған.

Бұдан бөлек, қызметкерлер еңбекақыны есептеу мен қосымша еңбек шарттарын рәсімдеуге қатысты сәйкессіздіктер барын айтып, жұмысқа қабылдау және жұмыстан шығару тәртібіне де наразылық білдірген. Ұжымның сөзінше, кейбір қызметкерге өз еркімен жұмыстан шығу туралы өтініш жазуға қысым жасалған. Соның салдарынан тәжірибелі мамандардың бірқатары жұмыстан кетуге мәжбүр болған.

Қызметкерлер бұл мәселелер бойынша тиісті мемлекеттік органдарға бірнеше рет шағымданғанын жеткізді. Олардың айтуынша, директорға тәртіптік жаза қолданылғанымен, ұжымдағы жағдай түбегейлі шешілмеген.

Маңғыстау облыстық білім басқармасының ақпаратына сүйенсек, аталған жарияланымда көрсетілген шағым бойынша Ақтау қаласы бойынша білім бөлімі тарапынан зерделеу жүргізілді.

— Зерделеу барысында ұжымдық арызда көрсетілген мәселелер қаралып, еңбек қатынастары мен кадрлық құжаттамаларды жүргізу барысында кемшіліктер орын алғандығы анықталды. Белгілі болған кемшіліктерге байланысты Ақтау қаласы бойынша білім бөлімінің 2026 жылғы 21 қыркүйектегі № 237 бұйрығымен мекеме директорына «ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолданылды, — деп хабарлады облыстық білім басқармасы.

Сонымен қатар, басқарма өкілдері балабақша ұжымына түсіндірме жұмысын жүргізген.

Бүгінде бөбекжай директоры еңбекке уақытша жарамсыздық парағын ашуына байланысты жұмыс орнында жоқ.

Бұған дейін Алматы облысында «Облыстық № 3 арнайы мектеп-интернаты» КММ-нің директоры, оның орынбасары және бас бухгалтері жалған жұмысқа орналастыру арқылы 5,8 млн теңге бюджет қаражатын заңсыз иемденгенін жазған едік.