Ақтауда басқарушы компанияның жоқтығы тұрғындарды жылусыз қалдырды

АСТАНА. KAZINFORM — Ақтаудағы 23-үй тұрғындары екі күннен кейін жылуға қол жеткізді, деп хабарлайды Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Фото: Ақтау әкімдігі

Бүгін, 6 қарашада Ақтау қаласының әкімі Мақсат Мұқаш 35-шағын аудандағы 23-үйдің тұрғындарымен кездесті. Бұған дейін аталған тұрғын үйдің тұрғындары пәтерлеріне жылу берілмеуіне байланысты шағымданған болатын.

— Қазіргі таңда мәселе шешіліп, тұрғын үйге жылу толық көлемде берілді. Кездесу барысында тұрғындар жылу жүйесінің іске қосылғанын айтып, мәселенің оң шешімін тапқанына ризашылықтарын білдірді, — делінген хабарламада.

Фото: Ақтау әкімдігі

Еске салайық, 5 қараша күні аталған тұрғын үйдің тұрғындары жылудың болмауына байланысты наразылық білдірген еді. Мәселенің туындауына тұрғын үйге қызмет көрсететін басқарушы компанияның болмауы себеп болған.

Осыдан кейін қала әкімінің тікелей бақылауымен тиісті жұмыстар жүргізіліп, тұрғын үйді жылумен қамтамасыз ету мәселесі толық шешімін тапты.

Айта кетейік, 15 қазаннан бастап Ақтау қаласында жылу беру кезең-кезеңімен басталды. Осы кезеңде ыстық судың сапасы уақытша өзгеріп, лайлануы немесе құрамындағы темір мөлшері артуы мүмкін екені айтылды.