Ақтауда ит серуендету мәселесі тұрғындарды алаңдатып отыр

АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтау тұрғындары қалада иттерді жауапсыз серуендету мен қаңғыбас жануарлардың көбеюіне байланысты алаңдаушылық білдірген. Тұрғындардың айтуынша, көптеген үй жануарларының иелері иттерін қарғыбаусыз және тұмылдырықсыз серуендетіп, олардың артынан тазаламайды. Соның салдарынан аулалар мен жаяу жүргіншілер жолдары ластанып жатыр.

Фото: Pexels

— Балаларымыз мектеп пен колледжге дәл осы жолдар арқылы қатынайды. Иттердің еркін жүруі қауіп төндіреді, — дейді тұрңындардың бірі.

Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде 12-шағын аудандағы № 62 үй маңында қаңғыбас иттердің мысықты талап тастағаны түсірілген видео тарады. Тұрғындардың айтуынша, бұл бір апта ішінде болған екінші жағдай. Олар иттердің топтасып, үйлер, мектептер мен балалар алаңдарының маңында жиі жүретінін айтады.

Аталған мәселе бойынша, Ақтау қалалық тұрғын — үй шаруашылығы бөлімі ресми жауап берді. Айтуларынша, биыл қаңғыбас иттерді аулау жұмыстары жүргізіледі. Ал, қаңғыбас иттерді тұрақты вакцинациялау және иттерге арналған питомник салу жұмыстарына қаржы қарастырылмаған.

— 2026 жылғы 13 мамырда әлеуметтік желіде Ақтау қаласының 12-шағынауданындағы № 62 тұрғын үй маңында қаңғыбас иттердің мысықты талап тастағаны туралы ақпарат жарияланды. Осыған байланысты айтар болсақ, қаңғыбас иттерді аулау жұмыстарына бюджеттен қаражат бөлінген. Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстық рәсімдерді өткізу жоспарлануда. Конкурс жеңімпазы анықталғаннан кейін мердігер мекеме тарапынан қала аумағындағы қаңғыбас иттерді аулау жұмыстары жүргізіледі, — делінген хабарламада. 

Үй жануарларын ұстап, серуендетуге қатысты шағымдарға байланысты облыстық полиция департаменті қазіргі заң талаптарын еске салды. 

— Қолданыстағы талаптарға сәйкес, ит иелері айналадағы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, санитарлық талаптарды сақтауға, жануардың нәжісін тазалап жүруге және иттердің өз бетімен жүруіне жол бермеуге міндетті. Сондай-ақ, иттерді балалар және спорт алаңдарында серуендетуге, жануарларды қараусыз қалдыруға тыйым салынады. Ал қауіпті тұқымды иттер қарғыбау мен тұмылдырықсыз серуендетілмеуі тиіс, — делінген хабарламада.

Ал, ережелерді бұзғандарға 3 АЕК көлемінде, яғни 12 975 теңге айыппұл қарастырылған. Егер адам денсаулығына немесе мүлкіне зиян келсе, айыппұл 10 АЕК-ке дейін, яғни 43 250 теңгеге дейін өседі.

Бұған дейін, Қарағанды облысында баласын ит талаған ана кінәлілерге жаза қолдануды талап еткен болатын.

Ал, СҚО-да ит-мысықтан зардап шеккендер саны артқан.