Ақтауда қайықтың аударылуына кінәлілер жауапқа тартылды

АСТАНА. KAZINFORM — Әлеуметтік желілерде тараған қайықтың аударылуы туралы бейнежазбада көрсетілген оқиға 28 шілде күні Ақтау қаласында болған. Осы оқиға бойынша Төтенше жағдайлар министрлігі құқық бұзған азаматтар жауапқа тартылғанын хабарлады.

Видеодан алынған скрин

— Жіберілген заң бұзушылықтарға байланысты кінәлі тұлғаларға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 582-бабының 2-бөлігі, 583-бабының 2-бөлігі және 582-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Құқық бұзушыларға тиісті әкімшілік айыппұлдар салынды, — делінген хабарламада.

Қазақстан ТЖМ судағы қауіпсіздік қағидаларын қатаң сақтаудың маңыздылығын еске салды. Шағын көлемді кемелердің иелері мен жолаушыларына белгіленген жолаушылар сыйымдылығынан аспау, құтқару кеудешелерін міндетті түрде кию және кеме қатынасы талаптарын қатаң сақтау ұсынылады.

Еске сала кетейік, Алакөлдегі паром апатынан кейін әйел екі аяғынан айырылған болатын.