Ақтауда күкіртсутек мөлшері нормадан мың есе асып кеткен

АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтау қаласының тұрғындары әлеуметтік желілерде қалада күкіртсутектің өткір иісі сезілгеніне шағымданды. Осыған орай, тексеру жүргізген мамандар күкіртсутек концентрациясының нормадан асып кеткенін хабарлады.

Фото: Атырау облыстық экология департаменті

Қала тұрғындарының айтуынша, өткен түнде өткір жағымсыз иіс байқалған.

— Алғашында бұл күкіртсутек шығар деп ойладым, иісі шіріген жұмыртқаға ұқсайды. Таңертең картадан қарасам, азот диоксидінің деңгейі де жоғары болған, — дейді тұрғындардың бірі.

Тұрғындар өткір иістің әсіресе төменгі шағын аудандарда қатты сезілетінін айтады. Бірнеше күн бұрын тыныс алу мүмкін болмаған.

Маңғыстау облыстық экология департаментінің мониторингтік тобы үш күн қатарынан күкіртсутек концентрациясына өлшеу жүргізген. Зерттеу нәтижесінде рұқсат етілген нормадан асып кету дерегі анықталған.

— Жоғары көрсеткіштер бірнеше ірі өнеркәсіптік кәсіпорын орналасқан индустриялық парк аумағында тіркелді. Тиісті хабарлама прокуратураға жолданды. Тексеру басталғаннан кейін мамандар заң бұзуға жол берген кәсіпорынды анықтауға кіріседі. Күкіртсутек концентрациясының артуы мың есе көлемінде тіркелді, — делінген хабарламада.

Бұған дейін, Ақтауда ит серуендету мәселесі тұрғындарды алаңдатып отыр.