Ақтауда мектеп оқушылары төбелесіп, бір бала ауруханаға жатқызылды

АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтауда дене шынықтыру сабағында 10 және 11-сынып оқушылары арасында төбелес болып, екі оқушы медициналық көмекке жүгінді. Олардың біреуі ауруханаға жатқызылды.

Фото: видеодан алынған скрин

Оқиға 5 қазанда № 1 жалпы білім беретін мектепте дене шынықтыру сабағы кезінде болған. Зардап шеккен оқушылардың бірінің анасының айтуынша, ұлы сыныптастарымен футбол ойнап жүрген. Алаңда 11-сынып оқушылары да болған. Ойын барысында оның ұлы мен жоғары сынып оқушыларының бірі арасында сөзге келіспеушілік туындаған.

Әйелдің айтуынша, жанжалға басқа да 11-сынып оқушылары қосылып, ұлын бірнеше адам болып ұрған. Оған араша түспек болған сыныптасы да соққы алған. Төбелестен кейін екі 10-сынып оқушысы да қабылдау бөліміне жеткізілген. Олардың біреуі ауруханаға жатқызылды.

— Ұлым төбелес кезінде бірнеше рет есінен танып қалған. Денесінде соққыдан қалған жарақаттар мен гематомалар бар. Басы айналып, жүрегі айнып, құсып жатыр. Миы шайқалуы мүмкін деп алаңдап отырмын, — дейді баланың анасы.

Оның айтуынша, оқиға кезінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі де сабақта болған. Алайда мұғалім жанжалды дер кезінде тоқтата алмаған.

Маңғыстау облыстық білім басқармасының мәліметінше, оқиғаға қатысты мектеп әкімшілігі тарапынан тиісті шаралар қабылданып, оқушылармен және ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Ата-аналар заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынған. Ал, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мен директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 64-бабына сәйкес тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Осы оқиғадан кейін, білім басқармасының нұсқауымен мектепте оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзудың алдын алу жұмыстары күшейтілген.

Бұған дейін, Маңғыстауда Ыбықты сайда жартасқа жазу жазған ер адам ұсталды.