Маңғыстауда Ыбықты сайда жартасқа жазу жазған ер адам ұсталды
АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстаудағы Ыбықты сай шатқалында жартастың бетіне жазу жазған ер адам видеоға түсіп қалды. Кейін полиция күдіктіні ұстады.
Әлеуметтік желіде тараған кадрлардан ер адамның жартасты белгісіз затпен қашап, оған жазу жазғанын көруге болады. Видео көпшілік арасында наразылық тудырды. Желі қолданушылары табиғи нысандарды бүлдіруге жол бермеу керектігін айтып, ер адамның жауапқа тартылуын сұрады.
- Есімін жазғысы келсе, неге өз көліктеріне таспен жазбайды? - деп пікір білдірді тұрғындардың бірі.
Кейбір қолданушылар мұндай әрекет үшін жауапкершілік қарастырылуы керек екенін жазса, енді бірі оқиғаға куә болған адамдардың ер адамды тоқтатпағанына наразылық білдірді.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында «Ыбықты сай» табиғи нысаны аумағында вандализм фактісі анықталған.
- Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. 34 жастағы күдікті ұсталды. Тергеу жалғасып жатыр, - деп хабарлады полиция.
Ведомство табиғи нысандарды бүлдіруге жол берілмейтінін ескертті. Мұндай әрбір фактіге құқықтық баға беріліп, кінәлілер заңға сәйкес жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді.
Бұған дейін де, Маңғыстауда Ыбықты сайда вандализм дерегімен қылмыстық іс қозғалып, тұрғын 25 тәулікке қамалған болатын.