10 тамыз күні сағат 11:30 шамасында қалалық ішкі істер басқармасына «3 адам суға кетті, шұғыл көмек керек» деген хабарлама келіп түскен. Полиция қызметкерлері бірден бағытты сол жаққа бұрып, 4 минут ішінде оқиға орнына жетеді. Олар әйелді киімге тағатын белбеулерінің көмегімен құтқарып қалды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Ақтау қалалық ІІБ 2 рота командирі Ерғали Ысқақов айтып берді.
«Келген бойда теңізде жанталасып жатқан келіншекті көрдік. Арнайы құтқарушы арқан болмағандықтан, кәдімгі белбеуімізді шешіп, бір-біріне байлап, суға лақтырдық. Қыз белбеуді ұстады, ал біз белбеуді жалма-жан жағаға қарай тарттық», - дейді Ерғали Ысқақов.
Командир сол маңда теңізге түсіп жатқан тұрғындар дер кезінде хабарласқанын, құтқару кезінде қол ұшын созғанын жеткізді. Дегенмен, куәгерлер сақшыларға суға түспеуін өтініп, толқын алып кету мүмкін екенін ескерткен.
Жол патрульдік полиция қызметкерлері «Сұңқар - 1», «Сұңқар - 4» құтқару экипаждарының көмегімен келіншекті 10 минут ішінде аман алып қалады. Өкінішке орай, құтқарылған 1987 жылғы азаматшаның күйеуі сол мезетте жағаға шығара алмады. Оның денесі бүгін таңғы сағат 07:45-те табылды. Суға кеткен азаматтардың бірі 1981 жылғы, екіншісі 1985 жылғы.
Сол күні ауа райының қолайсыздығынан жел туып, үлкен толқындар шыққан. «Жағада 3 демалушы отырды. Қатты соққан желден толқын көтеріліп, оларды шайып кетті. Бір-бірін құтқарғысы келгенімен, олардың әрекетінен нәтиже шықпады. Сөйтіп өкінішке қарай, демалушылар өздігінен жағаға шыға алмай қалды», - делінген жедел-құтқару отряды таратқан мәліметте .
Айгүл ДӘДЕН