Ақмарал Қалжанованың сөзінше, 2026 жылдың ақпан айында ол ұлын профилактикалық тексеруден өткізу үшін облыстық стоматологиялық орталыққа апарған. Анасының айтуынша, баланы алдын ала рентген тексеруінен өткізбей, анестезиямен тіс емдеуге жіберген. Процедурадан кейін тіс жабылмай, келесі қабылдау екі аптадан кейінге қалған. Кейін баланың тісіне бірнеше рет мышьяк пастасы салынған. Осыдан соң жеткіншектің тісі қатты ауырып, беті ісінген.
Кейін баланың жағдайы күрт нашарлап, іріңді-қабыну процесі басталған. Астанада оған төменгі жақ сүйегінің остеомиелиті және сүйек секвестрі диагноз қойылған. Екі рет операция жасалып, зақымданған сүйек тінінің шамамен 15 грамы алынған.
Қазір бала тамақты қалыпты шайнай алмайды, тек ұсақталған тағаммен қоректенеді. Анасының айтуынша, жақ сүйегін толық қалпына келтіру операциясын бала есейген кезде ғана жасауға болады.
Осы оқиғаға қатысты Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы ішкі қызметтік тексеру қорытындысы бойынша екі стоматологқа сөгіс жарияланғанын хабарлады.
Алайда баланың анасы бұл шешіммен келіспей, полиция департаментіне арыз берген.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді.
Бұған дейін, Маңғыстауда ауыр жүк көліктеріне жазғы шектеу енгізілгенін жазған болатынбыз.