Тұрғындар құжат қабылдаудың дұрыс ұйымдастырылмағанына шағымданды.
–Таңғы сағат 6-да келгенімізде кезек тізімі жасалып жатқанын көрдік. Тізімге жазылдық. Кейін екі түрлі тізім бар екені белгілі болып, қайта жазылуға тура келді. Сағат 9-ға қарай кіреберісте адам өте көп жиналды. Ертерек келіп, кезекте тұрғандардың өзі ішке кіре алмады. Құжат қабылдауды онлайн форматта ұйымдастыруға немесе тәртіпті дұрыс қамтамасыз етуге болмай ма? – дейді Ақтау тұрғыны.
Ақтау қалалық қоғамдық даму орталығының директоры Серік Жомартовтың айтуынша, кезек сақталмай, тұрғындардың бір-біріне қысым көрсетуінен 5 әйел зардап шеккен.
- Халықтың өте көп келуінен, адамдар арасында түсініспеушілік, дау туындап, кезекті сақтамай, бір-біріне қысым көрсетуіне байланысты 5 адам жағдайы нашарлап жедел-жәрдем шақырылды. Көмек көрсетіліп, жағдайлары тұрақталды. Олардың құжаттары қабылданды. «Жасыл ел» еңбек жасағына құжат қабылдау аяқталды. Қазір жағдай тұрақты, - дейді ол.
Бұған дейін, Маңғыстауда ерекше балалар емге кезегін жылдап күтуге мәжбүр екені туралы жазған болатынбыз.