Ақтау қалалық әкімдігінің мәліметінше, 2026 жылғы 4 қарашада сағат 12:15–те 41-шағын аудандағы «Манхэттен» тұрғын үй кешеніне жылу беретін желіден ақау анықталған. Жөндеу жұмысын жүргізу үшін 20-шағын аудандағы Otyrar City тұрғын үй кешенінің жылумен жабдықтауы уақытша тоқтатылған.
Сағат 20:15–те жөндеу жұмысы аяқталып, Otyrar City тұрғын үй кешеніне жылу беру толық қалпына келтірілген. Алайда сағат 21:30 шамасында аталған тұрғын үй кешендерінің 30-ға жуық тұрғыны жылудың болмауына алаңдап, жиналған. Оқиға орнына қала әкімі Мақсат Мұқаш барып, тұрғындармен кездесті.
Әкімдік екі тұрғын үй кешенін салған құрылыс компаниясы инженерлік желілерге қатысты құжаттаманы әлі күнге дейін жергілікті атқарушы органға тапсырмағанын хабарлады. Бұл көпқабатты үйлер жеке жылу қазандықтарымен жабдықталған.
Қала әкімі тұрғындармен кездесу барысында Ақтаудағы коммуналдық инфрақұрылымға қатысты мәселе бір ғана тұрғын үй кешенімен шектелмейтінін айтты.
— Бұрын Ақтауда 28 шағын аудан болса, қазір олардың саны 42-ге жетті. Қала халқы 310 мың адамға дейін өсті. Мердігер мекемелер тұрғын үйлерді салып болған соң, инженерлік желілерді тапсырмайды. Соның салдарынан қала бойынша электр энергиясы, су және жылумен қамту мәселесі туындап отыр. Мойындау керек, қалада ток, су, жылуға қатысты мәселе көп. Бұған қоса, кейбір жауапты мекемелердің жұмысында да заңсыздықтар болды, — деді Ақтау қаласының әкімі Мақсат Мұқаш.
Шаһар басшысы әкімдіктің ендігі жоспарын да айтты.
— Қабылданбаған инженерлік желілерді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің теңгеріміне аламыз. Заңға сәйкес, әкімдікке қарасты мемлекеттік мекемеде бір жыл тұрады. Бір жылдан кейін жылу, су, кәріз желілерін «Каспий жылу, су арнасына» береміз. Электр желілерін Ақтау электр желілері басқармасына өткіземіз, — деді қала әкімі.
Сонымен қатар ол Ақтау электр желілері басқармасыныың басшысына қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты. Жуықта оның орнына жаңа басшы тағайындалған. Оған бірқатар міндет жүктелген.
Бұған дейін Атырауда жылыту қазандығы жарылып, бір адам ауруханаға жеткізілгенін жазған едік.