Маңғыстау облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір магистралдық желілерде ақау жоқ. Бірақ тұрғын үйлердің маңындағы тарату желілерінде 35 ақау анықталып, оларды жою жұмыстары жалғасып жатыр.
Бүгінгі күні қаладағы барлық 1500-дей тұрғын үйдің 34-не ғана жылу берілмеген. Қазіргі таңда 21 учаскеде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жөндеу жұмыстарына Жаңаөзен қаласынан 8 бригада, Ақтау қаласы әкімдігінен 27 адам және «Каспий жылу, су арнасы» мекемесінен 11 бригада тартылған. Барлығы 110 адам мен 49 техника жұмылдырылған.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай тынымсыз еңбек етіп жатқан коммуналдық мекеме қызметкердеріне алғысын білдіріп, ақауды тездетіп қалпына келтіру керектігін айтты.
Айта кетейік, биыл Ақтауда 50 жыл бойы жөндеу көрмеген 11,3 шақырым магистралдық жылу жүйесінің құбырлары алғаш рет жаңартылды. Мақсат – тозығы жеткен құбырларды ауыстырып, қала халқын үздіксіз жылумен қамтамасыз ету.
Қалада жылу беру маусымы 15 қазанда басталды.