Ақтауда жұмыс орнына қарумен келген қызметкер қамауға алынды

АҚТАУ. KAZINFORM – Ақтауда бір кәсіпорынның қызметкері кеңсеге «қару мен гранатаға ұқсас заттармен» келген. 

Фото: ҚР ІІМ

Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада тұрғынның «Интергаз Орталық Азия» компаниясының қызметкері екені және оның атыс қаруы мен гранатамен жанжалға келгені айтылған.

Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 30 сәуірде болған. Ақтау қаласы полициясының жедел басқару орталығына кәсіпорын аумағында гранатаға ұқсас затпен жүрген ер адам туралы хабар түскен.

Оқиға орнына дереу жеткен жедел-тергеу тобы тұрғынның кәсіпорын қызметкері екенін анықтап, одан граната мен қаруға ұқсас заттарды тәркілеген. 

- Тәркіленген барлық зат тексерілді. Алдын ала мәлімет бойынша олар пиротехникалық бұйымдар мен пейнтболға арналған қару. Тыйым салынған заттар табылған жоқ, - делінген хабарламада. 

Алайда, ер адам мас күйінде болып, бөлімшеге жеткізілген. Сот оған есірткі заттарын қолданғаны үшін, 10 тәулікке әкімшілік қамау жазасын тағайындаған. 

- Осы оқиға бойынша тергеу әрекеттері жалғасуда. Оның қорытындысы бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады, - делінген хабарламада. 

Бұған дейін, Ақтау теңіз портының экс-басшысына қатысты іс: прокурор 8 жыл жаза сұрады.