Ақтаулық снорклер Каспийдің көзге көрінбейтін тіршілігін таспаға түсіріп жүр

АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтаулық Лаура Әлидің күнделікті жұмысы теңізбен тікелей байланысты емес. Ол цифрлық коммуникациялар саласында еңбек етеді. Алайда жұмыс уақытынан тыс кезде 37 жастағы қала тұрғыны сүңгуге арналған маскасын киіп, Каспий суына түседі. Оның мақсаты — теңіздің көпшілік көре бермейтін әлемін зерттеп, бейнетаспа арқылы көрсету.

Фото: Лаура Әлидің жеке мұрағатынан

Лаураның айтуынша, суасты әлеміне қызығушылығы бала кезінен басталған. Теңіз жағасында жүргенде оны үнемі «Судың ар жағында не бар?» деген сұрақ мазалайтын. Ал алғаш рет су астына сүңгіген сәтте бұл қызығушылық ерекше әуестікке айналған.

— Судың астында дыбыстар басылып, уақыт баяулағандай болады. Алдыңнан мүлде басқа әлем ашылады. Сол сәттен бастап су асты тілін түсіндім, — дейді ол.

«Каспийдің беймәлім жағын көрсеткім келді»

Лаура үшін Каспий жай ғана теңіз емес. Ол оны жағалаудан ғана емес, су астынан тануға тырысып жүр. Өйткені теңіздің негізгі ерекшеліктерінің бірі — көпшілікке көрінбейтін ішкі тіршілігінде. Ол алғаш рет теңізге сүңгігенде Каспий суы ерекше мөлдір болған.

— Түбіне дейін көрініп тұрды. Әрбір тас пен балдыр анық байқалды. Ең қызығы — жанымнан кішкентай балықтар жүзіп өтті. Олар маған жақындап, сәл аялдап, қайтадан жүзіп кете берді. Сол сәтте су асты әлемі маған өз есігін ашқандай болды, — деп еске алады Лаура.

Фото: Лаура Әлидің жеке мұрағатынан

Осыдан кейін ол Каспийдің суасты тіршілігін жүйелі түрде түсіре бастаған.

— Каспий — тұйық әрі бірегей экожүйесі бар теңіз, бірақ адамдардың көбі оны тек жағалаудан көреді. Оның көзге көрінбейтін жағын көрсеткім келді. Өйткені біз таныған нәрсені ғана қорғай бастаймыз, — дейді ол.

 

«Су астында мүлде басқа әлем бар»

Снорклинг бүгінде Лаура үшін жай ғана хобби емес. Оның айтуынша, су астына түсу — бір жағынан тынығып, ой жинақтауға, екінші жағынан Каспийдің суасты әлемін зерттеуге мүмкіндік береді.

— Су астында басқа әлем бар. Дыбыс өзгеше естіледі, қозғалыс баяулайды, айналадағы түстер де басқаша көрінеді. Каспийдің су асты әлемі тыныш болғанымен, өте тірі. Балдырлар тербеледі, балықтар үйірімен жүзіп жүреді, тіпті көзге бірден байқалмайтын кішкентай тіршілік иелерін көруге болады, — дейді ол.

Фото: Лаура Әлидің жеке мұрағатынан

Түсірілім кезінде күтпеген көріністер де аз емес. Бірде Лаура үлкен балықтар үйірінің ортасында қалып, олардың бір-бірімен үндескен қозғалысын бақылаған.

— Олар бір ағза сияқты қозғалды. Камераға түсіруге тырыстым, бірақ кейбір сәттерді объективпен толық жеткізу мүмкін емес. Сол сәттің энергиясы камераға сыймайды, — дейді снорклер.

«Каспийдің өзгерісін су астында анық байқауға болады»

Лаура теңізге жиі түсетіндіктен, Каспийдегі өзгерістерді де бақылап жүр. Оның айтуынша, су деңгейінің төмендеуі, әсіресе, таяз жерлерде анық байқалады. Сонымен қатар су түбінде пластик бөтелкелер, пакеттер мен металл қалдықтары көп.

— Кей жерлерде бұрын су болған аумақтар қазір құрғап қалған. Су тартылып, теңіз түбі ашылып жатыр. Су астындағы қоқыстарды мүмкіндігінше жинап, жағаға шығарамын, — дейді ол.

«Каспийді тек жағадан емес, су астынан да таныса екен деймін»

Лаураның жоспары — суасты туризмін дамыту. Ол қауіпсіз әрі табиғатқа зиян келтірмейтін снорклинг бағыттарын жасауды армандайды.

— Арнайы нұсқаушылармен бірге жаңадан бастаушыларға арналған қысқа бағдарламалар ұйымдастырғым келеді. Әр маршрутта Каспийдің тіршілігі, ерекшелігі және оны қорғау жолдары туралы ақпарат берілсе деймін. Туризм дамуы керек, бірақ теңізге зиян келмеуі керек, — дейді ол.

Лаураның ойынша, Каспийді қорғау тек экологтардың міндеті емес. Әр адам қоқыс тастамай, пластик бөтелкелерді қолдануды азайтып, тазалық акцияларына қатысып, теңізді сақтауға үлес қоса алады. 

Еске салайық, бұған дейін Маңғыстаудағы Аспабота көне қалашығын зерттеп жүрген ақтаулық Әйгерім Бугабаева туралы жазған едік.