Ақтаулықты 58 млн теңгеге алдаған алаяқ Оралда ұсталды
ОРАЛ. KAZINFORM — Оралда криминалдық полиция қызметкерлері мемлекетаралық іздеуде болған Ақтау қаласының 28 жастағы тұрғынын қолға түсірді.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, алаяқ биылғы қаңтар-сәуір айларында 10 пайыз табыс болады деп Ақтау тұрғынын алдаған.
Оның сеніміне кіріп, 58 миллион теңгеден астам қаржысын иемденді деген күдікке ілінген.
— Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, ал оның ұсталғаны жөнінде бастамашы орган — Маңғыстау облыстық полиция департаментіне хабарланды. Бұдан бөлек, тергеу мен соттан жасырынған тұлғаларды анықтау бойынша жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың нәтижесінде жыл басынан бері БҚО полицейлері іздеудегі 54 адамды ұстаған, — деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да аса ірі көлемде алаяқтық жасаған күдікті іздестіріліп жатқанын жазған едік.