Актер Нұрсұлтан Жақсыген 2 жыл 3 айға сотталды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы облысының Қарасай аудандық соты актер әрі шоумен Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты үкім шығарды.

Фото: әлеуметтік желі

Қарасай аудандық сотында Қылмыстық кодексінің 274-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы «Масс-медианы, телекоммуникация желілерін және онлайн-платформаларды пайдалана отырып көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша іс қаралды.

— Нұрсұлтан Жақсыген және жәбірленуші Фариза Сабырәлиева азаматтық некеде тұрған, олардың кәмелетке толмаған екі ортақ баласы бар. 2024 жылғы 14 сәуірде олар бірге тұруды тоқтатқан, — делінген Алматы облыстық сот хабарламасында.

Іс материалдарына сәйкес, актер ажырасқаннан кейін әлеуметтік желілерде жәбірленушінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін көрінеу жалған мәліметтер таратты.

Жәбірленушінің мәлімдеуінше, ер адам оның мазасын алып, «жеңіл жүрісті», «сыған» деп мазақ қылған. Әлеуметтік желілерде ол туралы қисынсыз мәлімдемелер жасаған.

Ал сотталушы кінәсін мойындамай, оның аккаунтынан өзге адам жазғанын айтып ақталды.

Сот Нұрсұлтан Жақсыгенді кінәлі деп танып, 2 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ 5 жылға блогерлік және өзге де жария ақпараттық қызметпен айналысу құқығынан айырылды.

Үкім жарияланғаннан кейін актер сот залында қамауға алынды. 

Жақсыген жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.

Онымен қоса, сот жәбірленуші Фариза Сабырәлиеваның азаматтық талабын ішінара қанағаттандырып, оның пайдасына 5 миллион теңге өндіріп беруді міндеттеді.

Еске салайық, бұған дейін Qurt лақап атымен белгілі рэпердің үстінен қылмыстық іс қозғалған еді.

Сондай-ақ Алматыда әлеуметтік желіде балағат сөз айтқан бірнеше блогер жазаланды.