Ақтөбе әкімдігі ауруханалардағы қазіргі жағдайды түсіндірді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде өкпенің қабыну деріне шалдыққан адам саны артты. Қазір ауруханалармен қатар емханаларда қабылдау жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде коронавирус инфекциясына шалдыққандар саны 610-ға жетті. Олардың жартысы емделді. Тұрғындар тарапынан шағым айтқандар көбейіп, облыс әкімнің орынбасары шұғыл тікелей эфирге шықты.

«Соңғы кезде науқастар санының көбейгені жасырын емес. Басты себеп - карантиннен кейінгі жеңілдету. Жолдар ашылды, кәсіпкерлік нысандары жұмысын жандандырды. Күніне 3500 адам теміржол, 500-600 адам әуежолы арқылы қатынайды. Шекарадан 300-дей көлік өтеді. Сонымен бірге қазір скрининг өтіп жатыр. Адамдар да санитария талаптарын сақтауды азайтты. Бұған дейін той өткізуге рұқсат сұраса, қазір блокпосттарды қайта қоюды өтенеді. Қазір Ақтөбе қаласы мен Шалқар, Мұғалжар аудандарында шектеу бар. Науқастарды қабылдау үшін 1536 орын дайындалды. Орын жетіспеушілігі жоқ. Инфекциялық аурухананың 50 пайызы, провизорлық аурухананың 65 пайызы, карантиндік госпитальдің 57 пайызында науқастар ем алып жатыр. Өңірде өкпенің қабынуы артты. Бүгінгі күні 360 адам тіркелді. Оларды Қарғалы, теміржол ауруханалары қабылдады. Әрине, адамдар үйіне жақын жерде ем қабылдағысы келеді. Содан Теміржол ауруханасына түсушілер көбейіп, кейін наразылық туғаны рас. Дәрігерлерге түсіндіру жұмысы жүргізілді. Себебі оларда соңғы 2-3 тәулікте адам күрт көбейді», -деді облыс әкімінің орынбасары Нұржауған Қалауов.
Айта кетейік, Ақтөбеде санитариялық талаптың сақталуын қадағалауға 92 мониторинг тобы құрылған. Олар 2 мыңнан астам тексеру жүргізді.