Ақтөбе әкімдігі банктен несие алып, қоғамдық көлікті жаңартпақ

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -  Ақтөбе қаласында күніне 50 бағыт бойынша қоғамдық көлік жүреді. Автобустар есік, іші салқын. Тұрғындардан жиі шағым еститін қала әкімі Ілияс Испанов биыл Еуропалық қайта құру және даму банкі арқылы несие алып, 290 автобус сатып алуды көздеп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласындағы қоғамдық көлік қатынасына «Автопарк» ЖШС мен Ақтөбе қаласының жолаушылар автокөлігі кәсіпорны жауапты. Алғашқысы жеке, кейінгісі мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорын.

«Екі компанияның да жұмысы өте нашар. Дұрыс жұмыс істей алмайды. Тендерді ұтып алады, екі жылда техника жаңартылуы тиіс болса, міндетті орындамайды. Тек «жолақыны қымбаттату» ұсынысын түсірді. Бізде қазір көп қызмет түрі қымбаттап жатыр. Сондықтан әлеуметтік жағдайды ескеріп, қоғамдық тасымалдау нарығына жаңа компанияны әкелуді, Еуропалық қайта құру және даму банкі арқылы қаржы алуды жоспарлап отырмыз»,- деді қала әкімі Ілияс Испанов.

Жоспар бойынша биыл 290 автобус сатып алынады. Салықтан, сот процесінен жиналған қаржыға мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп, қоғамдық көліктер жаңарады.

Ақтөбеде аялдама мәселесі де оң шешімін таппай тұр.Есептей келе қалада 496 аялдама бар екені анықталды. Оның 190-ында қоғамдық көлік тоқтайтын арнайы жолақ қарастырылмаған. Ал 112 аялдамада арнайы павильоны жоқ. Биыл бұл жұмысты әрі қарай жалғастыруға бюджеттен 33 миллион теңге қарастырлған. Барлығы 70 аялдамаға жаңбыр мен күн көзінен, желден қорғайтын павильон тұрғызылады.