Үкімет комиссиясының мүшелері «Ақтөбе ақпарат» орталығында баспасөз мәслихатын өткізді.
«Ақтөбе облысының әкімдігі мүрделерді облыс орталығына жеткізуге және Өзбекстанға жөнелтуге көмек көрсетеді. Мүрделерді ауылдан алып кетуге екінші көлік жөнелтілді. Сот-медициналық сараптама тәулік бойы, үздіксіз жүргізіледі. Кейін қаза болған адамдардың денесін Өзбекстанға жөнелтеміз»,- деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов.
Баспасөз мәслихаты кезінде өрттен аман қалған адамдардың денсаулығы туралы да айтылды. Олар газға қатты уланып қалған.
«Аман қалған 5 адам толық медициналық тексеруден өтті. Жағдайлары қалыпты. Екі адамның қолын күйік шалған. Аман қалған адамдар уланған. Психологтар да көмек көрсетіп жатыр», - деді Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой,
Айта кетейік, бүгін түн ортасында Үкімет комиссиясы баспасөз мәслихатын өткізді. Онда оқиға қылмыстық іс емес, қайғылы жағдай екені айтылды.