Ақтөбе әкімдігі үйі өртенген отбасыға көмек көрсететін болды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Сенбі күні өңір басшысы Оңдасын Оразалиннің және шаһар басшысы Ілияс Испанов Ақтөбе қаласын жұмыс бабымен аралап жүрген кезінде АЗФ ауданындағы бау-бақша ұжымында қиын жағдай орын алғаны жеткізілді, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.

Сағат таңғы 10-да бау-бақша учаскесінде алаңы 80 шаршы метр болатын үй өртенді.

Өрт сағат 10.42-де төтенше жағдайлар департаментінің күшімен ауыздықталып, сағат 11.04-те жойылды. Оған 11 қызметкер мен үш техника жұмылдырылды. 16 жастағы жасөспірім газдан уланды деген күдікпен ауруханаға жатқызылды. Өрттің себебі анықталуда.

Өрт жағдайымен танысқан облыс әкімі Ақтөбе қаласының әкімдігіне зардап шеккен отбасыға жан-жақты көмек көрсету жөнінде тапсырма берді. Сол үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Үйі өртенген жандарға уақытша баспана, азық-түлік, жылы киімдер, бірінші кезекте қолданатын заттар беріліп, олармен психологтар жұмыс істеп жатыр.

«2018 жылы қазан айында төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері аулаларды аралап шығу кезінде аталмыш отбасыға өртке қарсы қауіпсіздік нұсқалығын жүргізген»,-делінген баспасөз мәліметтерінде.