Ақтөбедегі су тасқыны кезінде құрылған «Қолғанат Ақтөбе» қорында 124 миллион теңгеден астам ақша бар . Зардап шеккендердің арызын қабылдау, ақша бөлу жұмысы күн сайын жүргізіледі.
"Су тасқыны кезінде баспанасы құлап, зардап шеккендерге 10 пәтер берілді. Пәтердің бесеуі қалалық әкімдік балансынан, бесеуі демеушілердің көмегімен табыс етілді. Алғашқы кезде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев әр ауданға тапсырма беріп, көмек көрсету туралы айтқан болатын . Сонымен қатар, баспанасы қирағандарға жер берілді. «Қолғанат Ақтөбе» қоры арқылы 362 адамға көмек көрсетілді. Қазақстан халқы, тіпті ресейліктер де қолдау көрсетуде. Қор басшылығы уақытпен санаспай жұмыс істеп жатыр. Сол үшін алғыс білдіреміз. Бастысы сіздердің «нервтеріңіз железный» болып, шыдамдылық пен мейірбандылық күшейе берсін",- деді Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов.
Қала басшылығы бұқаралық ақпарат құралдарында айтылған 70-100 мың теңгелік көмектер туралы өз пікірін білдірді.
«Қорға адамдар бір күндік жалақысын аударды. Сондықтан әр тиынына дейін санаулы. БАҚ-та «100 мыңнан артық бермейді» деп айтып жатыр. Бәрі шығынға байланысты. Мүмкіндігінше жиналған қаржыны барлығына жеткізсек деп ойлаймын. Әлі де 340-қа жуық азамат бар. Баспанасын бағалаушыларға қаратып, шешімін күтіп отырған азаматтар бар. Бірінің уақыты болмай жатса, екіншісінің иесі саяжайда тұрмайды. Комиссия бәрін қарап жатыр. Үнемді жұмсап, бәріне жеткізу оңай жұмыс емес. Мұндай қиындық енді қайталанбасын»,- деді Ілияс Испанов.
Айта кетейік , бұған дейін зардан шеккен отбасылардың кейбіріне 70 мың теңге берілгенін айтқан болатынбыз.