Ақтөбе аспанындағы моторлы ұшақ көпшілікке күдік ұялатты

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Әлеуметтік желілерде шағын ұшақтың видеосы тарады. Тұрғындар оны ұшықсыз ұшу аппараты деп болжады.

Фото: видеодан алынған скрин

Бүгін Ақтөбе қаласында тұрғындар ұшқышсыз ұшу аппаратына ұқсас шағын ұшақты көріп, видеоға түсіріп алған. Әуежайдың ұшу-қону алаңына жақын орналасқан Алтын орда шағын ауданының тұрғындары алаңдап, түрлі болжам жасады. Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайы осыған байланысты түсініктеме берді.

Фото: видеодан алынған скрин

- 2026 жылғы 2 қазанда әлеуметтік желілерде Ақтөбе қаласының үстінен ұшып бара жатқан әуе кемесі бейнеленген видео жарияланды. Бейнежазбада «Бизнес Аэро» ЖШС-не тиесілі «Cessna 337 Skymaster» азаматтық жеңіл моторлы жеке ұшағы екені анықталды. Әуе кемесі әуе қозғалысын ұйымдастырудың белгіленген рәсімдеріне сәйкес «Ақтөбе – Орынбор» бағыты бойынша жоспарлы және рұқсат етілген ұшуды орындаған. Бұл рұқсатсыз орындалған ұшу болып табылмайды,- деп хабарлады Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайы.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақтөбенің төрт ауданына аэродром салынады. Шағын аэродром Шалқар, Мұғалжар, Ырғыз және Байғанин аудандарында бой көтереді. Бұл жоба 2026–2030 жылдарға арналған облысты дамыту жоспарына енгізілді.