«Ақтөбе-Атырау-Астрахань» жолын жөндеуге қолайсыз ауа райы мен құжаттардың кеш рәсімделуі кедергі келтіруде

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» республикалық тасжолының құрылысына Ұлттық қордан 3,7 миллиард теңге қарастырылған. Жол жөндеу жұмысына ауа райының қолайсыздығы мен мемлекеттік органдардың құжат рәсімдеуді кешіктіруі кедергі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақтөбе-Атырау-Астрахань» тасжолынының 220-236 шақырымын жөндеу жұмысы жалғасып жатыр. Жобаны іске асыру келісім шартына 2015 жылдың соңында қол қойылып, «ГазДорПроект» ЖШС-ы жобалау жұмысын жүргізді. Технологиялық жұмыстар жобасын «ЖолКонсалтинг» компаниясы іске асырды. «Ивета Со» мердігер мекемесі қазіргі уақытта құрылысты жүргізіп жатыр. Жобаның жалпы құны - 3,6 миллиард теңге.

«Өткен жылы 1,6 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалып, жол жөнделді. Биыл «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» тасжолынының 220-236 шақырымын жөндеу жұмысы аяқталуы тиіс. Қазіргі уақытта 333 миллион теңге жұмсалып, жолдың бір бөлігі тапсырылды. Құрылысқа қажетті қиыршық тас, битум, цемент, роудзайм жеткізіліп жатыр. Жол құрылысына 72 техника жұмылдырылды, 100-ден астам адам жұмыс істеп жүр. Құрылыс жұмыстары кезінде ауа райының қолайсыздығы кері әсерін тигізді. Сонымен қатар, мемлекеттік органдар карьер салуға рұқсат беру құжатына дер кезінде келісім бермеді. Құрылыс сәуір айының екінші онкүндігінде басталды»,- деді «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы АҚ-ның Ақтөбе облыстық филиалының бас маманы Ерділдә Қалағанов.

Айта кетейік, жол құрылысы осы жылдың қараша айында аяқталады деп жоспарланған.  Бұған дейін хабарлағанымыздай, алғашқы кезде республикалық маңызы бар тасжолды жөндеуге 40-тан астам мердігер мекеме ниет білдірді. https://kaz.inform.kz/news/koktemde-aktobe-astrahan-taszholyn-zhondeu-zhumysy-bastalady_a3005499 Қазіргі уақытта жолдың құрылысын, қаржының тиімді жұмсалуын Ақтөбе облыстық мәслихатындағы «Нұр Отан» партиясының фракциясы жанындағы көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту комиссиясы бақылап отыр.