Ақтөбе қаласында және барлық ауданда жол жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл бағыттағы жұмысқа биыл 9,7 миллиард теңге бөлінген. Есеп бойынша 254 шақырым жол жөнделіп, қалпына келтіріледі.
«Ақтөбе облысының әр ауданында 2-10 көше жөнделіп жатыр. Мұндай ауқымды жөндеу бұрын болған жоқ. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Ырғыз-Шалқар, Шалқар-Ембі, Ембі-Қандыағаш жолдары Ақтөбе-Астрахань жолына шығады. Бұл жолдың жобалық-сметалық құжаттарын дайындау жұмысы аяқталды. Құрылыс жұмыстары басталды. Республикалық тасжолдың 160-330 шақырымын екі мердігер компания жөндейді. Азия даму банкінен қаржы бөлінді. Үш жылда жол пайдалануға беріледі»,- деді Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Аязбай Османғалиев.
Ал Ақтөбе-Атырау тасжолының 11-160 шақырымы бойынша байқау қазан айында аяқталады. Бұл жол Ислам банкінің қолдауымен салынады.
Сонымен қатар республикалық Ақтөбе-Орск трассасының құрылысы жүріп жатыр. Барлығы 8 шақырым жолды жөндеуге 3 миллиард теңге жұмсалды.