Әлия Молдағұлова халықаралық әуежайы Ақтөбеден Орал мен Ташкентке ұшатын жаңа бағыттарды іске қосады.
Оралға рейсті отандық QazaqAir әуе компаниясы орындайды, ал Ташкентке Uzbekistan Airways бекітілді.
«Ақтөбеден Орал қаласына 1 қарашадан бастап сейсенбі және сенбі күндері ұшуға болады. Ал 1 қарашадан бастап, яғни, сейсенбіде тұрғындарымыз Өзбекстан астанасына баруға мүмкіндік алады. Қазір келіссөз жүріп жатыр. Ташкент - 2000 жылдан астам тарихы бар Өзбекстанның бас қаласы. Бұл - Орта Азиядағы ең үлкен және Ұлы Жібек жолында орналасқан ең көне орындардың бірі», - деді «Әлия Молдағұлова халықаралық әуежайы» АҚ басқарма төрағасы Дастан Малиев.
Айта кетейік, Ақтөбе әуежайы бүгінде 12 бағытта жолаушылар тасымалдайды. 5 әуекомпанияға қызмет көрсетеді.
Жыл соңына дейін бағыттар саны 14-ке дейін артады.
«2022 жылы Анталияға - аптасына 6, Мәскеуге - аптасына 4 рейс қатынады. Шілдеде Бакуге тұрақты рейстер іске қосылды. 19 қазаннан бастап Пхукет аралына, Таиландқа, 24 қазаннан бастап Дубайға, БАӘ-ге рейс ашылады», - деді «Әлия Молдағұлова халықаралық әуежайы» АҚ басқарма төрағасы Дастан Малиев.